Министрлер Елбасы жүктеген тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша баяндама жасады
Бұл туралы брифингте Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова айтты. Мақсат – аз қамтылған отбасылардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, қордаланған мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысу.
Экономиканы әлеуметпен үндестіріп, қарапайым халықтың қамына басымдық беру. Міне жаңа жасақталған Үкіметке Елбасы жүктеген міндет осы. Атқарылатын шаруа көп. Ауылдағы ағайынның ахуалын білу үшін енді Премьер-Министрдің орынбасары мен министрлер ауыл-ауылды аралайды. Тіпті әр отбасының тұрмысымен танысады. Осылайша қордаланған мәселелердің шешілу жолын қарастырады.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Біз өңір-өңір бойынша бірнеше облысты қамтимыз. Келесі аптада БҚО, Атырау облыстарына барамыз. Халықпен кері байланыс болу керек. Сол жерлерде жеке қабылдау болады. Мен өзім және министрлер де сонда болады.
1 шілдеден бастап бір миллионнан астам азаматтың еңбекақысы көтеріледі. Аудан, ауыл әкімшілігінде жұмыс істейтін 77 мың қызметкердің жалақысы артады. Жаңа тағайындалған Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі осылай деді. Ал атаулы әлеуметтік көмек көлемі 21 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл көмектің игілігін кемінде 870 мың қазақстандық көреді. Үкімет тиісті көмекті көрсетеді. Бірақ еңбек етіп, табысын арттыру әр адамның өз қолында.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Төрт баласы бар ана қанша алатын болады? Қазір ол кісі 63 743 теңге алса, онда осы жоғарылауға байланысты 103 945 теңге алатын болады. Оған қосымша ол кісілердің табысы күнкөріс деңгейінен төмен болатын болса, қосымша жәрдемақы алады. Яғни табысы 100 мыңнан асады.
Бұдан өзге айлығы төмен білім саласы қызметкерлерінің жалақысы 30% артады. Ең алдымен еден жуушы, сантехник, электрик, күзетші сынды қарапайым қызметкерлердің қамы жасалады. Сондай-ақ 144 мыңнан астам педагогикалық қызметкер қайта даярлау курсынан өтеді. Биыл алғаш рет мектеп психологтары мен сынып жетекшілері дайындық курсына барады.
Күләш Шамшидинова, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Жалпы технология жақсы дамыған заманда индустриалды қоғам болсын, оның білім саласының алдына қоятын өзінің талабы бар. Міне сондықтан қазір жаңа технологияға байланысты білім саласы да өзгеруі керек. Біз өзімізде қалыптасқан классикалық дүниелерді сақтай отырып, жаңа дүниені де мектепке алып келуіміз керек.
Президент емхана қолжетімділігін арттыруды да тапсырды. Енді ауылдағы ағайын жанына шипа іздеп, қалаға сабылмайды. Себебі 2021 жылға дейін 600-ге жуық медициналық нысан салынады. 577-сі ауылды жерде бой көтереді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бүгінде көптеген медициналық мекеменің тозығы жеткен. Көп жағдайда күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Осы салаға Елбасы тапсырмасы бойынша 120 млрд инвестиция тарту жоспарланып отыр. Онда тізім бойынша 7 өңірдегі үлкен медициналық мекемелер бар.
Бүгінде шамамен 600 фермер несие алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Отбасы қамымен қатар аймақ ахуалын тіктеуге атсалысып жүрген жандар да бар. Ауыл шаруашылығы министрі алдағы уақытта 12 мың шағын несие берілетіндігін жеткізді. Мұның барлығы арнайы ауыл жобалары аясында іске асырылмақ.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Бұдан басқа жүргізіліп жатқан «Сыбаға» бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама бойынша ауыл тұрғындары мал басын сатып алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Бүгінде 600-ден астам фермер несие алып, өзінің жұмысын ары қарай жүргізіп отыр.
Жаңа тағайындалған министрлер әр істің атқарылуы назарда болатындығын айтты. Ол үшін жергілікті әкімдер, жылы кабинетінен жиі шығып, халықпен тығыз байланыста болады.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Айбын Құсанбеков