Қостанай облысындағы трактор зауыты жас мамандарды тартуға ден қойды
Қостанайлықтар осы ұсынысты іліп әкетті. Осыдан үш ай бұрын іске қосылған Қостанай облысындағы трактор зауыты жас мамандарға лайықты жұмыс ұсынып отыр. Қазірдің өзінде жұмысшылардың дені – жастар. Кәсіпорын толық қуатына көшкенде олардың қатары еселене түспек.
Ағайынды егіздер Асан мен Үсен Тұраровтар жоғары білімді инженерлер. Былтыр осы зауытқа орналасқан. Қазір жас жігіттер өндірістік желінің 6-бекетінде трактор бөлшектерін құрастырып, жинаумен айналысады. «Өз қолымызбен істеп, көп нәрсеге қанығып жатырмыз», – дейді қос бауыр.
Үсен Тұраров, слесарь:
- 6-бекетте біз алдыңғы, артқы дөңгелектерді саламыз. Сосын ступицаларын, кронштейн саламыз, кейін эстакадаға жбереміз. Күнде үйренеміз, сұраймыз, Бір сұрақ болса, бригадирге айтамыз.
Қостанайда құрастырылатын тракторлардың бұрынғылардан ерекшелігі көп. Сондықтан кәсіпорында жұмыс істейтін кәнігі механизаторлардың өзі мұнда қайта дайындықтан өтеді.
Боранбай Шайкен, слесарь:
- Өзім осы механизатор болып, 20 жылдай жұмыс істеп жатырмын. Бұрын осы тракторларды қолмен өздеріміз бұзып, жинаған кездеріміз болды. Бұрынғы тракторлардан ерекшелігі қуаттылығы артқан, күші көбейген, өтімділігі де екі есеге жақсы.
Зауытта әзірге ірі бөлшектері құрастырылады және күніне екі трактор шығарылады. Үш ай бұрын ғана жұмысын бастаған кәсіпорынның қазіргі қарекеті біреулерге қораштау көрінер, бірақ биылғы жылға өндірісті кеңейту мақсатындағы ой-жоспарларын білсеңіз, көңіліңіз марқаяды.
Виталий Хмелевской, трактор зауытының өндірістік директоры:
- Өзімізде капот, кабина, қанаттарын жасайтын қосымша цехтар ашу жоспарланып отыр. Сөйтіп өндірістің отандық үлесін 50% жеткіземіз. Екі аусымда жұмыс істеп, жылына 3 мың трактор шығаратын боламыз.
Қазір өндірістік желі бойында 16 адам жұмыс істейді. Келер жылы толық қуатына көшкенде олардың саны 3-4 есеге артады. Зауыт жұмысшыларының орташа жалақысы – 115 мың теңге. Биыл оны 10-15% көтереміз деп отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг