Хабар телеарнасы

Жалпыға бірдей декларациялау: Кімдер өз табысын, мүлкін жариялауы тиіс?

Жоспар іске асқанда кімдер табысын, мүлкін жариялауы тиіс болады?

Табыс пен мүлікті және өзге де заттарды не үшін жариялау керек?

Бұл – ең алдымен көлеңкелі экономиканы жарыққа шығару. Яғни бұрынғыдай табыс тауып, мемлекетке салық төлемеу деген болмайды. Екіншіден халықтың қанша бөлігінің әлеуметтік жағдайы төмен екендігін анықтау үшін керек. Ал үшінші себеп – қазір қолданыстағы сан алуан түрлі декларацияларды біреуіне біріктіру. «Жаңашылдықтың тиімділігі осында», – дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Олжас Отар. Айтуынша, жалпыға бірдей декларация екен деп қазақстандықтардың бар мүлкін жариялауға міндетті емес. Қалауынша болады екен.

Олжас Отар, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:

- Мүлікті, жерді, саяжайларын, арнайы мемлекеттік тіркеуде тұрған өзінің атындағы көлігін де көрсетуге міндетті. Сонымен қатар бағалы заттарды, картиналар мен қасық, шанышқы, күртеше, бас киімдерге дейін көрсету керек деген түсініктен біз арылуымыз керек.

Яғни кез келген ұсақ-түйекке декларация тапсырудың қажеті жоқ. Заң бойынша 5 880 айлық есептік көрсеткіштен асатын зергерлік бұйымдар, бағалы заттарыңыз немесе осынша сомадан асатын қаржыңызды жариялауға міндеттісіз. Бұл – шамамен 15 млн теңге. Ал оған жетпесе, ерік өзіңізде. Яғни міндеттелмейді. «Бұл ауылдағы ағайынның қорасында немесе шаруа қожалықтары ұстайтын төрт түлікке де қатысты», – дейді мамандар.

Олжас Отар, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:

- Төлқұжаты бар, асылтұқымды, 100 мың доллар тұратын атыңыз болуы мүмкін. Сіз оны сатып, 100 мың долларға үй немесе машина аласыз. «Ақшаны қайдан алдыңыз?» дегенде, атыңызды сатқаныңызды айтасыз. Оны декларацияда көрсетесіз.

Әрине, сүрінбейтін тұяқ жоқ. «Декларация тапсырған кезде қателіктер де болады», – деп топшылайды салық органының қызметкерлері. Бұл ретте қандай жаза қолданылады? Алғаш рет декларация толтырған кезде қателессеңіз, ескерту аласыз. Кейін тағы қайталанса, 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бастапқыда декларацияны 600 мыңға жуық азамат тапсырады деп жоспарланған. Жалпы табыс пен мүлікті жазбаша түрде шілденің 15-іне дейін салық органдарында жариялауға болады. Ал электронды түрде «egov.kz» порталы арқылы қыркүйектің 15-інен кешіктірмеу қажет.