Елорданың жеке табысы алғаш рет 1 трлн теңгеден асты
Елорданың жеке табысы алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Астана қаласы экономикасының негізгі драйвері – шағын және орта бизнес. Яғни елорда экономикасының 72,1% құрап отыр. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Астана әкімі қала экономикасының өсіп жатқанын айтты. Сондай-ақ қала басшысы бүгінде жеке үйлердің 50% газбен қамтамасыз етілгенін жеткізді. Келесі жылы «Өндіріс», «Garden Village» және «Шұбар» тұрғын алаптарын газдандыру жобалары іске асырылмақ. Сондай-ақ жауын жауса әсіресе, Тұран даңғылы мен Триумф аркасы маңында көліктер суға батып, адамдар жолдан өте алмай әбігерге түсетін еді. Енді бұл мәселе де шешімін таппақ. Жолды су шайып кетпес үшін келесі жылы жаңа тазарту құрылғыларының құрылысы басталады. Бас шаһардағы қоғамдық көлік жетіспеушілігі де көпті алаңдатады. Осыған орай 2025 жылы 300 автобус сатып алынбақ.
Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:
-Биыл жалпы ұзындығы 60 шақырымнан тұратын 50 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келесі жылы да 50 көше жөнделеді. ЛРТ құрылысы бойынша жұмыстар айтарлықтай жеделдетілді. Келесі жылы жаздың ортасына дейін стансалардың құрылысы аяқталады және келесі жылы күздің ортасына дейін пойыздар келеді деп отырмыз. 2026 жылдың басында ЛРТ жұмысын бастайды.