Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы ең үлкен мешіттің қазығын қағу рәсіміне қатысты
Ғибрат орнының ерекшелігі де осында болмақ. Мешіт жобасы Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленіп, құрылысы басталды. Әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған ғимарат EXPO қалашағының маңында бой көтереді. Мұнда 30 мың жамағат бір мезіглде сәждеге бас тигізе алады. Мешіттің іргетасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қалады.
«Саған жақсылық жасаған Аллаға сен де жақсылық істе». Құрандағы осы сүренің мән-мағынасы жан-жақты айшықтала түскендей. Ел болып жұмыла кіріскен мешіт құрылысы заман талабына сай озық үлгіде жүргізілмек. Мақсат – Орталық Азияда теңдесі жоқ ғимарат тұрғызу.
Мешіт 30 мың адамға арналады әрі күмбезі мен мұнаралары диаметрі және биіктігі жағынан әлемде үздік ондыққа енуі тиіс. Бұл – оның ерекшелігі. Президент бастамасымен қолға алынған жоба жан-жақты зерделенген. Әлем елдеріндегі озық тәжірибелер де ескерілді. Мемлекет басшысы сырт елдерге жасаған сапарлары кезінде сан түрлі жобалармен танысып, елорданың бас мешітінің құрылысын бастауды міндеттеді. Сол ауқымды істің алғашқы қадамы да жасалды. Елбасы мешіттің іргетасын қалады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елордамыз Астанада тағы бір үлкен шаруаны бастап жатырмыз. Елдің ұлық мерекесінің алдында осындай істі бастадық. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына қарсы Парламент Мәжілісі отырысының кезінде Астанада үлкен ғимарат салу туралы резолюция қабылданған болатын. Содан бері ойланып, ақылдасып, төңірегімізде осындай үлкен, мұсылман елдерімен салыстырғанда теңдесі жоқ, мұранасы 130 метр, көлемі 57 мың шаршы метр болатын үлкен мешіт салайық деп отырмыз. Алла қабыл алсын! «Дүйсенбі – Мұхаммед пайғамбардың туған күні» деген сөз бар. Сондықтан осыны бүгін бастадық.
Мешіт елорданың сол жағалауында бой көтереді. EXPO қалашығына жақын, Мәңгілік ел және Қабанбай батыр көшелерінің аралығындағы 9,5 гектар аумақ Алланың жердегі үйіне тиесілі. Мердігер – түрік компаниясы. Әлемдік деңгейде үздік нысандар салуда тәжірибесі мол. Құрылысшылар мешіттің ішкі және сыртқы безендірілуін қазақы нақышта жүргізбек.
Айта кетейік, бұл іске мемлекет қаражатынан көк тиын жұмсалмайды. Қаржыны елімізде бизнеспен айналысып, табысын арттырып отырған кәсіпкерлер беріп отыр. Президент пәрменімен басталған құрылыс 2 жылда аяқталуы тиіс.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл шаруаға қазақстандық іскер азаматтар қор құрып, ақша жинадық. Мемлекеттік бюджеттен бір тиын да тартылмайтын болады. Тәуелсіздік жылдары елдің жасаған саясатының арқасында өсіп-өніп, қалталы болған азаматтардың осыған өз қаражатын құйып отырғандарына шын жүрегімнен рахметімді айтамын. Алланың шапағаты сендерге тисін! Ең үлкен жасаған шаруамыз – мешіт салу. Мұсылманбыз. Ал енді ісіміз оң болсын! Қабыл болсын! Қолдаушы болған жігіттер келіп тұр. Барлығының атыңды атамай-ақ қояйын, бірақ біз мешіттің қабырғасына барлықтарыңыздың атыңызды жазамыз. Тағы да осыған үлес қосамын деген азаматтар болса, жол ашық. Қор ашылды. Шотын жариялаймыз.
Жаңа мешіт елордаға келетін саяхатшылар санын да арттыруы тиіс. Ғибрат орнының аумағында 3,5 мың көлікке арналған тұрақ та болады. Жоба халықаралық деңгейде жүргізіледі және құрылысқа жергілікті жұмысшылармен қатар шетелдіктер де атсалысады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ол діни ғимарат саналғанымен Астананың ең үлкен, келіп көретін туристердің үлкен объектісі болады. Жақында мен БАӘ-де болдым. Шейх Заидтің атынан жасалған мешітті көріп шықтым. Сол мешіттің салынғанына 3-4 жыл болса да, жыл сайын 16 млн турист келеді екен. Ішінің әдемілігі керемет. Сондықтан біз осындай керемет ғимаратты осы жерде салайық деп отырмыз. Ісімізді Алла қолдасын! Осыған арнайы құрбан шалдық. Барлығын еліміз тыныш болсын, тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын деген тілекпен жасап жатырмыз. Әрбір қазақстандықтың отбасында жақсылық, бақыт ұялап, болашағы кең болсын! Ұрпақтарымыздың жолдары ақ болсын деген тілекпен осыны бастаймыз.
Айта кетейік, мешіттің іргетасы Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қаланып отыр. Сондықтан басталған іс берекелі болады деген үміт бар. Құрылыс алаңына арнайы барған Елбасы: «Алланың рақымы үшін жасалған жұмыстың дүйім елге пайдасы да мол болсын», – деген ниеттестігін білдірді.
Нұржан Мыңжасаров, «Астана 20» мемлекеттік қорының атқарушы директоры:
- Елбасы мешіттің іргетасын қалады. Салу мерзімін бастадық. 24 айда салынып бітуі тиіс. Бұл Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт болмақ.
Барыш Чозер, жоба менеджері:
- Мешіт құрылысын жобалаумен БАӘ-дегі компания айналысты. Нысанда құлшылық ететін ең үлкен зал 15 мың адамға арналады. Қалған бөліктеріндегі орындарды қосқанда жалпы сыйымдылығы 30 мыңға жетеді. Мешіт күмбезінің диаметрі әлемде ең үлкен болады.
Құрылыс басталды. Мешіт іргесінің берік болуы үшін өзіндік технология әзірленген. Құрылыс алаңында 2,5 мың адам жұмыс істейтін болады.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы, Әлібек Әлиев