Көпбалалы аналар үшін бөлек баспана кезегі құрылады
Астанада аналармен кездескен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев осылай деп мәлімдеді. Басқосуға жиналған аналар көп болды. Көбінің баспанасы жоқ, тіпті қала тұрғыны ретінде тіркеле алмағандары да бар. Салдарынан ешқандай әлеуметтік бағдарламаға ілікпеген, тиісті жәрдемді де ала алмай отыр.
Гүлшат Баяделова, көпбалалы ана:
- Қостанай облысынан келгенмін. Қазір Астанада қаңғырып жүргеніме 15 жыл болды. 10 баланың анасымын. Уақытша үйде пеш жағып, күйе-күйе болып отырмын қазір. Он баламен ешкім отырғыза бермейді ғой қайта-қайта. Үйдің кезегіне тұра алмай жүрмін.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Тұрақты тіркеуге тұру мәселесі бар. Қазір Ішкі істер министрлігі бұл мәселемен айналысып жатыр. Шешімін тез табуға тырысамыз.
Аталған мәселелер Сенат қабырғасында да қаралды. Жиналғандар әлеуметтік көмек шынымен мұқтаж жандар мен тұрмысы төмен отбасыларға көрсетілуі тиіс екендігін алға тартты. Яғни «қаражат беріліп жатыр, бізде құр қалмайық» деп жалған құжат жинайтындар болмауы керек делінді.