Атыраулық бір топ қоғам белсендісі көпбалалы анаға үй салып жатыр
15 адам бірлесіп, асыраушысы жоқ көпбалалы отбасына төрт бөлмелі үй салып бермек. Алты жылдан бері баспанасыз жүрген Әмірғалиевтер отбасы: «Енді бір айдан кейін жаңа пәтерге кіреміз», – деп қуанып отыр.
Атыраулық Әмірғалиевтер отбасының жағдайы шынында да ауыр. Отбасының тұңғышы 13 жасар Абзал – бала жастан кемтар. Қалған үш бала әлі жас болғандықтан анасы тұрақты жұмысқа шыға алмай отыр. Олар тек І топ мүгедегіне мемлекет белгілеген 60 мыңдай ақшаны талғажау етіп келеді. Оның да 26 мың теңгесі мына айналымға келмейтін бөлмені жалдауға кетеді екен. Мейрамгүл амалсыздан күні-түні жалдамалы жұмыста. Ал балалардың бар күтімі әжелерінің мойнында.
Қаным Нұрсұлтанова, Мейрамгүлдің анасы:
- Көмектескіміз келеді, бірақ қолымыздан ешнәрсе келіп тұрған жоқ. Үй алып беруге ақша жоқ. Әйтеуір балаларына қарап, сабақтарына апарамын.
Дегенмен қоғам қамқор жандарға кенде емес. Әмірғалиевтердің ауыр халін көрген бір топ бизнесмен араларынан ақша шығарып, бұл отбасына баспана салуды қолға алды.
Асхат Бақыт, жоба жетекшісі:
- Өздерінің баспаналары жоқ, баласының ауыратын жағдайын көрдім. Сонда жаным ашып, өзіме бір мақсат қойғанмын. «Үй салып беруге байланысты бір жоба өткіземін», – деп.
Көп түкірсе, көл болады. 15 азамат бастаған іс аяқсыз қалған жоқ. Қазір төрт бөлмелі үйдің қабырғасы қаланып болды. «Қалған жұмыстар бір айда аяқталады», – дейді белсенділер. Демек, тағдыр тауқіметін тартып келе жатқан Абзалдың арманы орындалар күн алыс емес.
Абзал Әмірғалиев, I топ мүгедегі:
- Менің арманым, аяғыма тұрып, сосын сабаққа барып жүгіріп кетсем және отбасымның үйі болса деймін.
Мұнайлы өңірдің жас бизнесмендері қолға алған игі бастама жалғасын тауып жатыр. Таяуда мұнай өндіруші компания мүгедек спортшы Медет Сұпығалиевке Исатай ауданынан үш бөлмелі пәтер кілтін табыс етті. Демек, қайырымды жандары мол қоғамда өмір сүру қорқынышты емес.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев