Аймақтарда Ұлыстың ұлы күні қалай атап өтіледі?
Әр күнге айшықты атаулар беріліп, түрлі игі іс шаралар лек-легімен жалғасуда. Өңірде «Жастар» аллеясы пайдалануға беріліп, бес бірдей нысан ел игілігіне ұсынылды. Олар – «Білім» алаңы, «Jastar» қабілет орталығы, «Кітап» және «Сахна» алаңшасы мен «Махаббат» аллеясы. Саябақтың құрылысына 454 млн теңге жұмсалған. Қаржының 282 млн теңгесі жергілікті бюджет, ал 172-сі жеке инвестиция есебінен қарастырылды. Күн мен түн теңеліп, ел ырысқа кенелген мерекеде өңірде тоғыз киіз үй тігіліп, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға дастархан жайылды. Сондай-ақ ұзындығы шамамен 300 метрге созылған дастарханнан бес мыңға жуық халық наурыз көже ішіп, өзге де ұлттық ас түрлерінен дәм татты.
Шәріп Дәулетбаев Тараз қаласының тұрғыны:
- 30 жыл бойы бейбітшілік заманда, 30 жыл балаларымыз бақытты өмір сүріп келе жатыр. Міне қандай үстел жасап қойды, мынандай жерді біз бұрын ойлайтын ба едік? Осындай жағдайды армандайтын едік пе? Құдайға шүкір, барлығы бар. Елбасына үлкен рахмет!