Хабар телеарнасы

Жамбыл облысындағы мектеп әлі күнге көмір жағып отыр

Жамбыл облысы Шу ауданындағы 11 білім мекемесіне 2023 жылы газ құбыры тартылса да әлі күнге көмір жағып отыр. Жергілікті билік өкілдері көгілдір отын қысымының тым төмен екенін айтады. Сондықтан ауданда табиғи газға қосуға мораторий жарияланған. Мәселе қашан шешіледі?

Шу қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназия 1960 жылдары бой көтерген. Содан бері көмірмен жылытылады. Шағын мектеп 700-ге жуық оқушыға тар болғандықтан, 7 жыл бұрын қосымша ғимарат салынған. Бірақ жылуы мардымсыз. Балалар сыныпта сырт киіммен отыруға мәжбүр.

Гүлзат Оспанова, мектеп директорының орынбасары:

-Күн жылы болғанда 1,5 тонна кетеді. Бір котелды жағады. Күн суықта екі котелды жағады, бәрібір де онша жылытпайды. Газ болған дұрыс қой. Барлық жақта газ болып жатқанда бізде газбен болғаны ыңғайлы. Әрі таза әрі жылырақ болады.

Бір ағарту ошағын жылыту үшін 290 тонна көмір қажет екен. Бұл дегеніміз 6 миллион теңгеден аса қаражат деген сөз. Қаржыны 2,5 есе үнемдеу үшін ауданда 11 білім нысанына осындай газ пештері орнатылды. Дегенмен бір жылдан асса да әлі күнге іске қосылмаған. 

Аудандағы білім нысандарын табиға газға қосу үшін облыстық бюджеттен 747 миллион теңге бөлінді. Бірақ ешқайсысы көгілдір отынға жете алмай отыр. Жалпы Шу ауданындағы 90 білім мекемесінің тең жартысы көмір пайдаланады. Бұған ауданда газ қысымының тым төмен болуы себеп.

Жадыра Халықов, Шу аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

-Қазақгаз техусловия береді газға, алайда жаңағы техусловияда көрсетілген «после АГРС» деп көрсетілген. Ол АГРС соғылмайынша жаңағы техусловия 3 жылға жарайтын болса, әлеуметтік нысандар болсын, елді мекендердің жеке тұрғын үйлер болсын солардың барлығы АГРС соғылмайынша газға қосыла алмайды.

Газ жетіспеушілігін шешу үшін 2021 жылы ауданда автоматты газ тарату станциясының құрылысы басталған. Нысан Қордай ауданынан келетін табиғи отынды жинақтап, жоғары қысымда таратады. Бірақ бастапқыда құны 4 миллиард теңгеге жоспарланған жобаға кейін түзетулер енгізіліп, құны екі есеге көтерілген. Әзірге құрылысқа республикалық қазынадан 3 миллиард теңге бөлінді.

Ғалым Исақов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

-Жобамен бір 30% аяқталған. Тек қана бір 21 шақырым газ құбыры ғана салынған. Қалған жаңағы Агрс орналасатын алаңы дейді, соның жұмыстары жүргізілуде.

Газ тарату станциясын толық аяқтау үшін 5 миллиардан аса теңге қажет. Жауапты басқарма басшысы ведомстволық министрлікке өтінім берген. 2025 жыл қаржы бөлінсе, станция құрылысы аяқталады. Жалпы бүгінде аймақтағы 371 елді мекеннің 285-і газға қосылған.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә