Елорда жұрты әз-Наурызды «Қазақ елі», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» алаңдарында қарсы алды
Елорда жұрты да қалыс қалған жоқ. «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақ елі» монументі және өзге де алаңдарда дүбірлі той болды.
Шынында да бас қаладағы қай алаңға барсаң да бүгін дүбірлеген той. Түрлі ұйымдар, жекелеген кәсіпкерлер, белсенді азаматтар бәрі мерекені жоғары деңгейде өткізуге ат салысып жүр. Ресми концерттен бөлек, біреу ойынымен, біреу биімен, енді бірі әнімен шашу шашуда.
Әрине ұлттық ойындар да ұмыт қалмады. Әсіресе, асық атуға жиналғандар көп болды. Жас та, кәрі де осында.
Дұлат Жалмұрдин, қала тұрғыны:
Жасым үлкен болса да, ыңғайсыз болса да асық ойнап, қуанып жатырмыз. Біраз жыл болса да ұмытпаппын. Бірнеше ұпай жинадым.
Ердәулет Байдуллаев, тілші:
- Бүгінгі Ұлыстың ұлы күнінде өз рекордын жасауға тырысып жатқан жандар да баршылық. Солардың бірі – ши бауырсақ жасаған отбасы. Оның салмағы 100 кг-ден асады.
Мұратжан Маулен, қала тұрғыны:
- Ішінде ұн, түз, жұмыртқа, май бар. Өзім, сіңілім, жеңгем үшеуіміз төрт күн жасадық.
Тағамдар таныстырылымынан бөлек, әшекейлер мен киімдер көрмесі де қамтылыпты. Қысқаша айтсақ, мерекенің ауқымының кеңдігі сол, әркім өз талғамына сай іздегенін жолықтыра алады. Балалар ойынмен алданса, ересектер қас қарайғанша спорттық жарыстар мен концерт тамашалап демалды.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Аян Сәрсенбаев