Атырауда ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерінің есімін есте қалдыруға арналған шаралар басталды
Облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен марқұмның отбасына құқық қорғау органдарының ұжымы бір күндік еңбек ақыларын аударды.
Ақымғалиевтар отбасы үшін ауыр қайғы әкелген, күллі облыс жұртшылығының қабырғасына батқан қаралы күн туралы рет-ретімен баяндасақ, 21 наурыз күні қала тұрғыны Райымбек Сарбалин Жайық жағалауында серуендеп жүрген. Өз-өзін биіктен тастап жіберген әйелді көріп, бірден «102» нөміріне хабарласыпты. «Дереу жеткен полицей жанқиярлықпен әрекет етті», – дейді куәгер жігіт.
Райымбек Сарбалин, куәгер:
- Судан қатты дауыс шыққан. Содан біз көпірдің астына бара берген кезде көпірден секірген адам екенін білдік. Сол арада полиция қызметтік көлігі өтіп бара жатқан, оны тоқтаттық. Сол жерде екі полиция қызметкері шығып, бірден ойланбастан суға батып жатқан адамға көмектесуге ұмтылды.
Өкінішке қарай, суға батқан әйелді құтқарып қалғанымен Шалқар жағалауға жете алмады. Ерлікпен көз жұмды. Бүгінде қала жұртшылығы мен тәртіп сақшылары қаһарман ұланның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында кешенді шара жасақтауда. Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында түрлі спорттық жарыстар және мектептерде ержүрек полиция сержантына арналған тәрбие сағаттары ұйымдастырылмақ.
Қайрат Шонаев, ОПД Кадр саясаты басқармасының басшысы:
- Полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевтің ерлігін насихаттау мақсатында департаментте көптеген шара жоспарланып отыр. Солардың бірі шалқардың өзі тұрған «Береке» ауылындағы мектепке оның атын беру және өзінің тұрған көшесіне Шалқар Ақымғалиевтің есімін беру туралы басшылықпен ұсыныс дайындалып жатыр.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Батыр ұлан Шалқардың өмірден озғанына бес күн толды. Алайда қала халқы, оның әріптестері осы оқиға орнына келіп, гүл шоқтарын қойып, марқұмның рухына тағзым етуде. Егер Шалқар тірі болса, енді он күннен кейін өзінің екінші мүшел жасын тойлар еді. Оның туған күні 1 сәуір болатын.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев