«Қаламқас» мұнай скважинасын өшіру мүмкін болмай тұр
Қызыл отқа жақындау мүмкін болмағандықтан, мамандар өрт сөндіру тәсілін өзгертті. Тілсіз жауды өшіру үшін жерді қазып, жол салуда. Сондай-ақ қазір көрші Атырау облысынан көмекке қосымша арнайы техникалар жолға шықты.
«Қаламқас» кенорнындағы төтенше жағдай кеше таңғы 07:00-де тіркелген болатын. Кенорнының отқа оранғанына 36 сағаттан асты. Ұңғымадан шыққан газ жанып, биіктігі 10 метрге дейін жалын атқылауда. Шамамен 900 шаршы метр аумақты өрт шалған. Аймақ құтқарушылары қолдан келгенді жасап бағуда. Қазір Атырау облысынан қосымша 7 техника көмекке келе жатыр.
Манарбек Мұханбетов, Маңғыстау облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
- Өртке баратын жолдар салынып жатыр. 2 күн болды сол жұмыстарды жасап жатқанымызға. Кешке дейін жолдарды бітіретін болсақ, онда ертең таңертең техникалар келгеннен кейін жалғастырамыз. Сол техникаларды қоса отырып, өртті сөндіреміз деген жоспарымыз бар.
Өртенген аумақ «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына тиесілі. Онда «Си бу» барлау компаниясы келісімшарт негізінде ұңғымаларды қазу, барлау жұмыстарын атқаруы тиіс болатын. Олар тереңдігі 903 метрлік ұңғыманы бұрғылап жатқан кезде кенеттен газ-су қоспасы атқылаған. Бір аптадан соң сұйықтық көлемі артып, өрт шықты.
Жақып Марабаев, «Қазмұнайгаз» ҰК басқарма төрағасының орынбасары:
- Бұл – мұнай-газ кеніштерінде жиі болатын әдеттегі жағдай. Өрт шалған ұңғыма әлі іске қосылмаған, қазылып жатқан кезде апатқа ұшырады. Қай жерде қандай қателік кеткенін арнайы тексерістен соң анықтайтын боламыз. Барлығына осында жұмыс істеп жатқан «Су бу» компаниясы жауапты болады.
Қазір экологтар жылжымалы зертханамен оқиға орнына барып, ауа, су мен топырақтың сынамасын алып, тексеріп жатыр.
Руслан Төкенов, Маңғыстау облысының Экология департаментінің басшысы:
- Қоршаған ортаға елеулі зиян келетін жағдайлар орын алған жоқ. Өйткені Каспий теңізінің өзі апат болған орыннан 45 шақырым қашықтықта орналасқан. Яғни дамбысы бар. Қазір Каспий теңізіне судың төгілу қаупі төніп тұрған жоқ. Сонымен қатар ол жерде жерасты суы ғана газаралас төгілуде. Мұнай төгілу фактілері орын алып отырған жоқ.
Қазір апатқа байланысты бірнеше құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылды. Олар апаттың шығу себебін, келтірілген шығын мен қоршаған ортаға келген залал көлемін анықтамақ.
Гүлмира Әбішева, тілші:
- Қазір жер қойнауын пайдаланушы компанияға жер байлығын қорғау және пайдалану қағидаларын бұзды деген айып тағылуда. Маңғыстау аудандық полиция басқармасы аталған апатқа байланысты Қылмыстық кодекстің 333-бабы, 1-бөлігімен іс қозғады. Мұнда қылмыс дәлелденген жағдайда 3 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 3 жылға дейін бас бостандығын айыру жазасы көрсетілген.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев