Хабар телеарнасы

Үкімет пен Ұлттық банк макроэкономикалық саясатты күшейтеді

Оған сай елдің макроэкономикасын басқаруда тығыз әріптестік орнап, негізгі 10 міндет айқындалды. Осылайша базалық ставканың мөлшері сол күйінде сақталып, инфляция деңгейі төмендеп, теңге бағамының болжамы арттырылмақ.

Халықтың әл-ауқаты және өмір сүру деңгейінің өсуі – мемлекеттің экономикалық саясатының басты мақсаты. Осы орайда Үкімет пен Ұлттық банк 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойды. Онда 10 бағыт айқындалған. Теңестірілген қазыналық саясат. Тиімді ақша-несие саясаты және инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар. Құжат валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді және бағалы қағаздар нарығын дамытуды көздейді. Сонымен қатар көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту сияқты міндеттер бар.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Үкімет пен Ұлттық банк арасында тұңғыш рет келісім рәсімделіп отыр. Бұл – бірлескен жұмыстың жаңа форматы. Экономикалық өсімге жәрдемдесуге өзара іс-әрекет әзірленді. Келісімнің іске асырылуының арқасында экономиканың сапалы өсімін және халықтың тұрмыс сапасын арттыру қамтамасыз етіледі.

Үкімет пен Ұлттық банк «Нұрлы жер» және «7-20-25» тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруды жалғастырады. Мемлекеттік және әлеуметтік бастамаларды іске асырумен қатар жеке инвестицияларды кеңейту бойынша шараларды қолға алады. Сондай-ақ қаржы ұйымы алдағы 2 жылда инфляция деңгейін 4-6% арасында сақтауды көздеп отыр. Ал 2022 жылдан бастап оны 3-5% төмендету жоспары бар.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:

- Ұлттық банк базалық ставка деңгейін нақты көрсеткіште, 3-3,5 шегінде қолдауға ұмтылатын болады. Инфляциялық күшейген және инфляцияның белгіленген нысаналы дәлізін асу, тәуекелдері артқан кезде қаржы-несие саясаты қатаңдатылуы мүмкін. Үшіншіден валюта тұрақтылығын қамтамасыз ету керек.

Ұлттық банкке алдағы уақытта ломбард, онлайн несие, жедел ақша секілді банктік емес ұйымдардың жұмысын реттеп, қадағалау құзыры берілмек. Осылайша мемлекет қарапайым тұрғындарды олардың қулығынан сақтап қалуды көздейді. Өйткені мұндай несие мекемелері азаматтардың қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, қарыз ақшаларына мың пайызға дейін үстемақы қосады екен.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

- Келісімшарттардың ашықтығына, сондай-ақ тұтынушылардың, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына құқықтарын қорғау талаптары күшейтіледі. Жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру үшін Ұлттық банк Үкіметке заңнамалық өзгерістер енгізу бойынша, оның ішінде Ұлттық банктің мандатын кеңейту жөнінде тиісті ұсыныс жасайтын болады.

 

Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының басым бағыттары

Мұнай-газ және ауыл шаруашылығы машиналарын жасау үшінші Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының басым бағыттарының біріне айналуы қажет. Үкімет отырысында Асқар Мамин осылай деді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптің өсу қарқыны 4,1% жетті. 100-ден аса жоба іске асырылды. 1,1 трлн теңге инвестиция тартылды. 13 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Қарапайым заттар экономикасын дамыту қажет. Бұл мақсатта Елбасы тапсырмасы бойынша 600 млрд теңге бөлінеді. Өңдеуші өнеркәсіптің басым секторларын және жобаларын анықтадық. Сондықтан нақты нәтижелерге жету қажет. Бұл импортты алмастыруға, халықты тиімді жұмыспен қамтуға қосымша серпін береді. Шикізаттың емес экспорт мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл бағытты қолдау үшін 500 млрд теңге қаражат көзделген. Жаңа индустрияландыру қазіргі заман міндеттеріне сай келуі керек.

 

120 жоба іске қосылады

Ал индустрияландыру жайлы баяндамасында Роман Скляр екінші бесжылдық бағдарлама әзірленіп жатқанын айтты.

Оған сәйкес енді кәсіпкерлерге мемлекеттік көмек жайдан жай берілмейді. Экспорттың өсімі, техникалық жаңғырту сынды міндеттер қойылады. Ал биыл 120 жоба іске қосылмақ. Жоспар бойынша 2020-2025 жылдарға арналған үшінші бесжылдықтың нәтижесінде өндіріс орындарының саны 2,3 есе артып, еңбек өнімділігі де екі еседей өсуі тиіс.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Бұдан бөлек жыл соңына дейін Қарағанды облысында ферросилиция өндіретін зауыт, Алматы қаласында болат құбыр өндіретін зауыт іске қосылады. Машина жасау, автокөлік құралдарын өндірісін 32 мың бірліктен 60 мың бірлікке дейін арттыру жоспарланған.

Биыл өңдеу өнеркәсібінің өсімін 104% жеткізу көзделген. Бұл үшін өндіріс көлемін арттыру және жетекшілік ететін салаларда жұмыс орындарын сақтау шаралары қабылданатын болады. Жалпы сомасы 1,1 трлн теңгенің 120-ға жуық жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Онда 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Самат Курбиев