Хабар телеарнасы

Қоғамдық көлік қауіпсіз бола алмай отыр

Соңғы екі жылда тек Нұр-Сұлтан қаласында автобустардың қатысуымен болған 125 апатта бес адам қаза тауып, 130 адам түрлі жарақат алған. «Жол үстіндегі қайғылы оқиғалардың негізгі себебі – қоғамдық көлік жүргізушілерінің жылдамдықты арттыруы», – дейді полиция өкілдері.

Қаңқасы қисайып, тұмсығы қайырылған автобус тіркеумен тұраққа келді. Темір түзелер, бірақ сол темірдің ішінде тарыдай шашылған жолаушылардың қайғысының орны толмас. Өмір жолы осылай түсті бұл жолы. Дәл осы №303 автобустың опат болуына еш негіз жоқ еді. Техника да жаңа, жүргізушісі де жас емес. Бірақ автобус иелері: «Көлік жолға тас-түйін дайын шықты», – дейді.

Сәбит Болатов, Нұр-Сұлтан қаласы №1 автобус паркі басқарма төрағасының кеңесшісі:

- Автобустар әр жарты жыл сайын техникалық байқаудан өтеді. Қазан айында өтті. Жолға шықпас бұрын да механик техникада кінәрат жоғына көз жеткізіп барып, рұқсат берген. Тежегіші, басқарылуы қалыпта болған.

Болған, бірақ апат айтып келуші ме еді? Ендігі жерде көпшілікті апаттың қалай болғаны емес, неліктен болғаны мазалайды. Техника бүтін болса, күдік жүргізушіде. Бірақ ол да жолға дәрігердің рұқсатын алып бірақ шығады. «Қанында алкоголь жоқ, қысымы қалыпты, күйі сергек еді», – деп еске алады маман. «Қоғамдық көлік тізгінінде сегіз жылдық тәжірибесі бар. Тәртібі де темірдей еді», – дейді әріптесі.

Гүлнәр Жексекеева, Нұр-Сұлтан қаласы №1 автобус паркінің фельдшері:

- Жұмысқа өте ұқыпты қарайтын еді. Екі жылда бірде-бір рет ішкенін байқаған жоқпыз.

53 жастағы жүргізушінің қателесуі неғайбыл, денсаулығы сыр берді дейін десек, сау деген анықтамасы да бар. Парк мамандары да: «Қызметкерге талап күшті», – дейді. Тіпті бір жылда үш рет жол ережесін бұзған жүргізушілер автобус тізгініне жіберілмейді. Алайда мына бейнеге қарап, басқа ойға қаласың.

Жолаушысы лық толы автобус жолы болып аялдамаға аман жетті. Дегенмен қоғамдық көліктің қатысуымен апаттар болып тұрады. Соңғы екі жылда елордада тіркелген 125 апатта 130 адам жарақат алып, 5 адам ажал құшты. 2019 жылдың алғашқы екі айында болған бес апатта 6 адам жарақат алды, қаза тапқандар жоқ делінеді Ішкі істер департаментінің мәліметінде. Алайда қаралы тізім жаңарды. Өңірлердегі жағдай да алаңдатады. Жамбыл облысында үш айда автобус жүргізушілеріне қатысты 1500-ге жуық хаттама толтырылған. 3 апатта 14 адам жарақаттанып, 1 адам қаза тауыпты. Тәртіп сақшылары: «Апаттың себебі жылдамдықты арттыру», – дейді. Жүйткіп келе жатып, телефон қолдану – тағы бір үлкен мәселе.

Блиц:

- Жүргенде автобустардың жолағы ашылады ғой. Олар қатты жүреді. Бір-екі рет құлағанмын.

- Көбінесе жүргізушілер бірінен-бірі озғысы келеді. Қауіпсіздік техникасын сақтамайды. Сондықтан болып жатқан оқиғалар ғой.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

- Қоғамдық көлік жалпыхалықтық жүріп-тұру құралы болғандықтан, оның қауіпсіздігі керек десеңіз ұлттың қауіпсіздігінен кем түспеуі тиіс. Автобус парктерінің жүргізушілерге қоятын талаптары тыңдап отырсаң тастай. Бірақ оның көз тая бере сақталмауы – үлкен мәселе. Жолаушы үшін жарыс, тізгінде отырып, телефон шұқылау, қарапайым жүргізуші мәдениетінің жоқтығы қоғамдық көлікті қауіпті көлікке айналдырады.