СҚО-да тасқынның алдын алу шаралары басталды
Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарында тасқын су алу қаупі бар.
Күн жылынып, еріген қар суы Петропавлда жеке секторда тұратын тұрғындардың мазасын қашырды. Қазір шаһардағы Жұмысшы кенті, Береке және Ойқала шағын аудандарында жағдай қиындай түсті. Ал өңірде көктемгі су тасқынына байланысты арнайы жедел штаб құрылды.
Күн жылынып, қар көбесі сөгілсе болды, Лидия Качнованың үйі су астында қалады. «Жылдағы көрініс осындай», – дейді азаматша. Сондықтан баспанасын жылда жөндейді.
Лидия Качнова, Петропавл қаласының тұрғыны:
- 22-сінен бастап күн жылынды. Содан бері су көтеріліп, үйдегі сәкінің астына дейін жайылды. Енді жер құрғағанша тұрады. Өйткені бірнеше көшеден аққан су осы жерге жиналады.
Қазір коммуналдық қызметшілер қатып қалған арықтарды арнайы техниканың көмегімен, яғни ыстық бу жіберу арқылы тазартып жатыр. Жұмыстар әсіресе шеткі аудандарда қызған. Өйткені мұнда суағарлар жоқ.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Көктем келсе болғаны қала шетіндегі жұмысшы кентінің тұрғындары еріген қар суынан жапа шегеді. Өйткені мұнда суағар жоқ. Сондықтан әкімдік бұл мәселені биыл түбегейлі шешеміз деп отыр. Биыл панфилов және Украинский көшелеріне жалпы ұзындығы 12 шақырымнан асатын суағар желісі салынатын болады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 320 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Орын алған жағдайға байланысты мамандар екі ауысымдық жұмыс кестісіне көшті.
Павел Булаев, «Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш» МКК директоры:
- 42 адамнан тұратын 6 арнайы бригада жасақталды. Олардың төртеуі күндіз, қалғаны түнгі уақытта жұмыс істейді. Өткен тәулікте қала бойынша 30 шақырту түсті. Айналасы 3-4 күннің ішінде 10 мың текше метрден астам су сорылды.
Өңірде 26 мен 29 наурыз күндеріне дабылды ескерту жарияланды. Өйткені жауын-шашын түсіп, оңтүстік аудандарда қар күрт еруі мүмкін. Сондықтан Төтенше жағдайлар депратаменті жанынан арнайы жедел штаб құрылды.
Рамиль Қамалов, облыстық ТЖД басшысы:
- Күні кеше арнайы жасақты Айыртау және Ғабит Мүсірепов аудандарына жібердік. Олар жағдайды қатаң бақылап отырады. Қазір 92 елді мекен біздің назарымызда. Қазіргі таңда өңірде 300-ден астам эвакуациялық бекет дайын тұр.
Есіл өзенінде мұз әлі сөгілген жоқ. Сондықтан мамандар сәуір айының алғашқы он күндігінде өзендегі су көтерілуі мүмкін деген болжам жасауда.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев