Нұр-Сұлтандағы ірі жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы тұрақты
Олар әр азаматтың жағдайымен танысып, қажетті көмек көрсетілетінін айтты.
Ауруханаға жарақат алған жолаушылар таңертеңгі 09:40-тан бастап әкеліне бастады. Одан соң 55 минуттың ішінде медицина қызметкерлері апатқа ұшыраған 24 адамды қабылдады. Қажетті медициналық көмек көрсетіліп, жартысынан көбі үйге жіберілді. Қалған 13 адам ауруханада. Таңертең олардың жағдайын қала әкімі мен Денсаулық сақтау министрі біліп қайтты. Қазір травмотология бөлімшесінде 8 адам емделуде. Кешелі бері 5 операция жасалған. Апат кезінде қысылып қалған 35 жастағы әйелдің жағдайы ауыр.
Иван Ли, №2 қалалық көпбейінді аурухананың бас дәрігері:
- Оған бірден операция жасалды. Өкініштісі оң аяғын сақтай алмадық, ампутациялауға тура келді. Сол аяғы қатты сынғанымен, оны қалпына келтірдік, жазылып кетеді деп ойлаймын.
63 жастағы Дариға Жазылбекова Өскеменнен елордаға арнайы емделуге келген. Кеше таңертең №301 автобусқа отырып, дәрігердің қабылдауына бара жатқан. Алайда көлік апатынан соң ауруханаға өз аяғымен емес, жедел жәрдеммен жеткізілді.
Дариға Жазылбекова, зардап шегуші:
- Автобустар соғылып, білмей қалдым не болғанын. Ортасында отырғанмын, содан кейін түк те білмеймін, жедел жәрдем келді, бәрін алып кетті.
Самал Әбілдәқызы, зардап шегуші:
- №301 автобустың алдыңғы жағында тұрдық. Бір кезде қарап қалсам, жүргізуші қатты келе жатыр екен. Шыңғырып айттық, бәріміз айғайладық. Бірақ реакциясы болған жоқ.
Апаттың нақты себептері әлі белгісіз. Бастысы зардап шеккен жолаушылардың денсаулығы жақсарып келеді. Жедел жәрдемнің дер кезінде келуі де көптеген қатердің алдын алды.
Тимур Мұратов, «Қалалық жедел медициналық көмек станциясы» ММК бас дәрігері:
- Апат кезінде сол маңда бір фельдшеріміз жұмыстан қайтып бара жатқан. Әуелі жедел жәрдем көлігінде болған фельдшерлерге жәрдемдесті, артынша үшеуі қосылып қатты жараланған жолаушыларға алғашқы көмек көрсетті. 3 минуттан кейін алғашқы жедел жәрдем бригадасы келіп, зардап шеккендерді жақын маңдағы №2 көпбейінді ауруханаға апарды.
Жарақат алғандардың кейбіріне қайта операция жасау қажет. «Бірақ олардың денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ», – деп сендірді ақ халатты абзал жандар.
Авторлары: Мерей Қалиасқар, Нұрғали Мамұрбаев