Қызылордадағы тікұшақ апатынан қаза болғандардың мүрдесі табылды
Әскери әуе көлігі кеше кешке жақын Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы Бұқарбай батыр ауылынан шамамен 7-8 шақырым жерде Шіркейлі каналының жанына құлаған. Бұл туралы хабар 112 қызметіне сағат 17:35-те түсті. Әуе көлігі түгі қалмай жанып кеткен.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- МИ-8 тікұшағы құлаған аумақ ну қамысы мен шеңгел қаптаған жер екен. Бұл маңнан егін шаруашылығында маңызы зор Шіркейлі су арнасы ағып жатыр. Әуе көлігі осы арнаның жағалауына жақын жерде апатқа ұшыраған.
Қаза тапқандарды іздеу жұмыстары оңайға соқпағанын да көрдік. Құтқарушылар әр қарыс жерді қалдырмай түгел шолып шықты. Кешелі бері оқиға орнына бірнеше күштік құрылымнан 150-дей адам мен 20-ға тарта техника жұмылдырылған.
Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- 17:42-де алғашқы шақырту түсті. 18:02-де алғашқы жедел жəрдем бригадасы жетті. Төрт жедел жəрдем бригадасы осы жерде жұмыс жасады. Көмек көрсетілген адамдардың саны, ауруханаға жеткізілгендер жоқ. Бүгінгі таңда тек қана қайтыс болған адамдар ғана табылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өткен түнге дейін 4 әскеридің мүрдесі табылғанын растады. Ал құлаған тікұшақ Ақтаудан Шымкент қаласына бағыт алған 4 әскери тікұшақтың бірі екені анықталды. Ұшу метеорологиялық қиын жағдайда кешенді тексеріс және арнайы бөлімшелерінің жаттығуы аясында іске асырылған. Бүгінде Қызылорда облысында ауа райына қатысты дабылды ескерту жарияланды. Жалпы өңірде соңғы екі күн бойы нөсер жаңбыр жиіледі. МИ-8 тікұшағы апатқа ұшыраған сәтте де жаңбыр жауып тұрған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов