Хабар телеарнасы

Қызылордадағы мектептерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Қызылордадағы мектептерде қауіпсіздік шаралары күшейді. Енді оқу ошақтарының есігінен бөгде адам тұрмақ, ата-аналар да рұқсатсыз бас сұға алмайды. Бұл – жасөспірімдердің заң бұзу деректерінің жиілеуіне байланысты,-дейді мамандар. Жаңа оқу жылы басталғалы мектеп ішінде бұрыш баллонын шашқан екі дерек тіркелді. Оқушылар уланып, ауруханада ем алды. Осындай келеңсіздіктердің жолын кесу үшін не істеу керек? 

Бейнебақылау, турнекет, металіздегіш, күзет. Қызылорда қаласындағы барлық мектеп толық қауіпсіздік құрылғыларымен қамтылған. Осындай қырағылыққа қарамастан, мектеп ішіне оқушылардың бөгде зат алып кіру деректері тіркелді,-дейді құқық қорғаушылар.

Ғалымжан Нағыметов,  жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:

- Газ баллончиктерін пайдалану екі дерегі тіркелді қаланың екі мектебінде. Оның біреуіне қатысты ҚК293 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалса, екінші дерегі бойынша ата-анасына ҚРӘҚБ кодексінің 127 бабы, яғни тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамағаны үшін айыппұл салынды.

Қазан айында Нағи Ілиясов атындағы мектептің оқушылары білім ұясына бұрыш баллонын жасырын алып кіріп, шашқан. Оқиға салдарынан бір топ бала уланып, ауруханаға жатқызылды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал 30 жылдық еңбек өтілі бар мектеп директоры қызметінен босатылды.

Фатима Абитова, мектеп мұғалімі:

-«Атқаратын лауазымына сәйкес келмейді" деген тұжырыммен директор міндетінен босатылды. Менің ойымша, бұл әділетсіз.

Сәния Самалықова, ата-ана:

-Бұл жолы газ баллоны, келесі жолы граната, бомба әкелуі мүмкін. Бірақ мұғалімдерге оқушылардың сөмкелерін тексеруге рұқсат етілмейді. Онда мұндай жағдайда ата-аналар жауапты болу керек.

Құқыққорғау саласының ардагері Жақсылық Алмағанбет мектептегі күзет қызметінің құзіретін арттыру қажет,-деп санайды.

Жақсылық Алмағанбет, құқық қорғау органдарының ардагері:

-Құқық қорғау органдарының өздерінің бір нұсқаулары болу керек деп ойлаймын. Екінші жағы қалалық басшылық, акимат жағынан да сондай жағдайлар жасау керек. Балдарды мектепке келгенде сөмкесін тексеру, тексерілсін мұқият деген осындай балдарға ескерту жасалсын деген сондай шешім болу керек. Әйтпесе, бұны тоқтата алмаймыз.

Жанат Сәдуақасова, қалалық білім бөлімінің басшысы:

-Жалпы мектеп террористік тұрғыдағы осал объекті ретінде танылды. Бұл мектептің құзыретіндегі нәрсе емес, ол жалпы осал объекті ретінде танылғаннан кейін талаптар бар 117 бұйрық бойынша. Осы талаптарға сәйкес біз жұмыс жасап жатырмыз.

Жыл басынан бері Қызылорда қаласында 36 қылмыстық іс бойынша жасөспірімдер жауапқа тартылған. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда қылмыс біршама азайды,-дейді мамандар. Айта кетейік, облыс орталығындағы 58 мектептің қауіпсіздігін нығайту үшін 200 миллион теңге қаржы жұмсалған.

Авторлар: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин.