Тікұшақ апатынан мерт болғандардың аты-жөндері белгілі болды
Бұл туралы жергілікті билік мәлімдеді. Жалпы әлемде түрлі модификациядағы МИ-8 тікұшағының 634 апаты тіркелген. Бұл тізімде Қазақстан аумағында болған оқиғалар да бар. Әсіресе Қызылорда облысы. Бұл өңірде МИ-8 тікұшағы 3 рет апатқа ұшыраған екен.
Ауған соғысында қолданылған МИ-8. Өзінің мықтылығын Сириядағы сергелдеңде де көрсетті. ТМД елдері әскерлерінің кең қолданысындағы МИ-8. Көпмақсатты әуе кемесін конструктор Михаиль Миль құрастырған. Тікұшықтың он шақты модификациясы бар. 60-шы жылдан бері шығарыла бастаған, сол кезден бері де дәл осы әуе кемесінің апаттары басталды.
Алысқа бармай-ақ өзімізді алайық. 2008 жылдың 28 ақпанында Қызылорда облысының Жалағаш елді мекені маңында «Қазавиаспас» компаниясының МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Салдарынан 5 адам қаза тапты. Бортта 3 экипаж мүшесі және 15 жолаушы болған.
2016 жылдың қыркүйегі. Қызылорда облысындағы «Құмкөл» мұнай-газ кен орнынан Жезқазғанға бет алған МИ-8 тікұшағы құлады. Абырой болғанда бортта болған 19 мұнайшы мен 3 экипаж мүшесі аман қалды.
Енді міне, күні кеше ғана әскери тікұшақ апатқа ұшырап, бортта болған 13 маманның барлығы қаза тапты. Үш қайғылы оқиға. Үшеуінде де МИ-8 тікұшағы. Үшеуі де Қызылорда облысында болған.
Болған жағдайда марқұмдардың жақындары әлі сенер емес.
Мәлкей Иманғалиев, марқұм С.Мәсәлімнің әкесі:
- Балам жоқ екеніне әлі сенбей тұрмын. Дегенмен хабар келіп, жаңа ғана айтты: «13 адам қайтты, соның ішінде сіздің балаңыз бар», – деп. Балам мектеп бітіргенде өзі армандап, Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтына түскен. 2011-де бітіріп, тапсырмамен Ақтауға кеткен.
Бейбіт күнде қаза тапқан әскерилердің дені Талдықорған әуе базасында қызмет еткен. Биыл қаңтарда Ақтауға ауыстырылыпты. Енді қайғылы оқиғадан кейін олардың отбасыларына көмек көрсетілмек.
Бекболат Жұмабаев, 21751 әскери бөлімі командирінің орынбасары:
- Бес жылдық жалақылары төленіп, үйлері жекешелендіріледі.
Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Әкімдік тарапынан оларды жерлеу бойынша көмек көрсетіледі. Сонымен қатар материалдық көмек көрсету жағы қарастырылып жатыр. Алматы облысынан 8 адам қайтыс болды. Оның үшеуі Талдықорған, сонымен қатар Талғар, Іле, Алакөл, Кербұлақ аудандарының тұрғындары.
Қаралы күнде қаза тапқан әскерилердің есімдері белгілі болды. Отан алдындағы борышын өтеу барысында көз жұмған сарбаздардың есімі ел есінде қалады.
Авторы: Риат Шони