Өскемен жолдарын жөндеуге 8,7 млрд теңге бөлінді
Тіпті кейбір ірі қалалардағы орталық көшелерде ойықтар мен қазан шұңқырлар пайда болған. Есесіне қара жолдарды қалпына келтіруге бөлінетін қаржы да жыл санап артып келеді екен. Мәселен, осы жылы Өскемен қаласы бойынша сегіз шақырымнан астам жолды жөндеуге 1 млрд 200 млн теңге бөлінді.
Қар кеткен соң қара жолдардағы дәл қазіргі жағдай. Бірақ жыл сайын күн жылына жөндеу де басталады. Өскеменде былтыр 25 шақырымнан астам жол орташа жөндеуден өткен. Ол үшін 60 млн-нан астам теңге бөлінген. Бірақ кейбір көшелердің асфальті қармен бірге қайта еріп жатыр.
Бақытбек Мейрамов, қала тұрғыны:
- Жылда жөндейді. Шетіне бір нәрсе жабыстырады да кетеді. Дұрыстап ойып оытрып алып тастап, қайтадан жаңадан салса, бұндай болмас еді.
Рымхан Боранқұлов, көлік жүргізушісі:
- Былтырғы асфальттардың тастары шығып жатыр. Сонда оның сапасының жоқтығы ғой. 1-2 машина өткеннен кейін қарасаңыз шұңқыр-шұңқыр. Тастары еріп, далаға шығып жатыр.
Тастары далаға шықпас үшін жол жөндеуде соңғы жылдары қиыршық тасты мастикалық асфальт төселе бастады. Ең негізгісі – жобалауда қарапайым қағиданы сақтау.
Өнертапқыш-ғалым Нұрлан Нұғыманов жол құрылысы саласын бес саусағындай біледі. Қазір жаңадан салынған немесе түрлі дәрежеде жөндеуден өткен жолдың көбі жыл уағына жетпей таз қалпына түсуін технологияның дұрыс сақталмауымен байланыстырады.
Нұрлан Нұғыманов, ғалым-өнертапқыш:
- Әрбір мемлекет жолды салу және жөндеуде өзінің табиғи жағдайына байланысты жобалайды. Бұл – бір. Екіншіден, сол жолдағы көліктің нөпірін де ескеру керек. Осы қағидаға орай, жолдың қалыңдығы 5-тен 7 қабат болу керек деген ұғым дұрыс емес. Сондықтан ең негізгі мәселе, жол салынатын аймақтың ауа райына байланысты технология қолдану керек. Мататериал нашар болса, әрине ұзаққа бармайды.
Жобалау кезінде қателік кетсе, ол жол салынған соң сапасына да әсер етеді. Өткен жылы сондай жобасы дұрыс жасалмаған жол құрылысы тоқтатылды.
Олжас Керейхан, тілші:
- Өскеменнің шетіндегі бұл айналма жолды кеңейту жобасы екі жыл бұрын басталған.Тіпті ескі жолдың екі жағына қиыршық тас та төгілген. Бірақ жолды жобалауда техникалық қателіктер кеткендіктен, басталған жұмыс аяқсыз қалды. Енді қайтадан қашан басталатынын ешкім нақты айта алмайды. Ал ескі жолдың қазір құр сүрлеуі қалған. Шұрық тесік.
Жыл сайын жолды жөндеуге бөлінетін қаржы да еселеп артып келеді. Соған сәйкес енді мердігерлерге қойылатын басты талап технология мен сапа.
Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- Жолдардың өзінің арнайы мерзімі бар. Негізгі міндет – кепілдік. Сол кепілдік кезінде бұзылса, қайтадан жөндеу жүргізу керек болады.
Жалпы биыл облыс бойынша 437 шақырым автокөлік жөнделеді. Ол үшін әр түрлі бюджет көзінен 76 млрд-тан астам теңге бөлінді. Тендерден жеңген компаниялар көліктерін майлап, құралдарын сайлап, күннің жылынуын ғана күтіп отыр.
Авторлары: Олжас Керейхан Дмитрий Пыхтин