Шығыс Қазақстанда биыл әр гектардан19 центнерден күнбағыс жиналды
Биыл Шығыс Қазақстанда күнбағыс бітік шығып, рекордтық өнім берді. Қамбаға 400 мың тоннадан аса майлы дақыл жиналды. Диқандар әр гектардан 19 центнер, кейбірі тіпті 27 центнерге дейін өнім алды.
Мамандардың айтуынша, енді экспорт әлеуеті артады. Сонымен қатар алынған астық ішкі нарықты қамтамасыз етуге де жетеді. Дегенмен бұл нәтиже көпшілік тұтынатын күнбағыс майының арзандауына қаншалықты әсер етпек. Қарапайым тұрғындарды осы сұрақ алаңдатады.
Биылғы жаз да, күз де дихандарға қолайлы болды. Жалпы 607 мың гектар алқапқа егін егілсе, соның 222 мың гектарына майлы дақылдар тұқымы себілді. Нәтиже жаман болмады. Әсіресе күнбағыс еккен шаруалардың еңбегі еселеп ақталды.Әр гектардан 19, тіпті 27 центнер өнім алды. Бұл облыс экономикасына үлкен серпіліс беретін көрсеткіш, - дейді мамандар. Өйткені қайта өңделген ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты артты.
Ажар Қажыбекова, ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Республика президенті біздің алдымызға мақсат қойып отыр 70% экспорттау, 70% қайта өңделген өнім болуы керек деп. Соған қол жеткізу үшін бізде де міне, айтып жатырмыз. Былтыр бізде 35% болса, биылғы жылы 65%-тен асып, қайта өңделген өнімді экспорттап жатырмыз.
Өңделген өнім Қытайға, Өзбекстан мен Ресейге жол тартады. Бұл тұрғыда жергілікті зауыттармен жалпы 26 миллион доллардың келісімшарты жасалды. Дегенмен бұл ішкі нарық ұмыт қалады деген сөз емес. Мынау Өскемендегі ең ірі май зауыттарының бірі. Тәулігіне 300 тонна тұқым өңдеп,130 тонна май шығарады. Негізгі қызметі – жергілікті тұрғындарды отандық өніммен қамту.
Татьяна Костина, май зауытының атқарушы директоры:
- Біз келген дақылды 48 сағат ішінде таза майға айналдырамыз. Дүкен сөрелеріне тура осы қалпында, яғни май қышқылданбай тұрып жеткізу үшін бар күшімізді саламыз.Өйткені негізгі тұтунышларымыз – жергілікті тұрғындар.
Өлкеде май өңдейтін 12 зауыт бар. Өндіріс өкілдерінің айтйуынша, күнбағыс қанша көп шықса да, шикізат бағасында өзгеріс жоқ. Бұны жергілікті жұрт та байқапты.
Қазір күнбағыс майының бір литрі шамамен 700-885 теңге аралығында сатылып жатыр. Ауылшарушалық басқармасы өкілдері мол өнімнің тиімді әсері алдағы уақытта байқалады, - деп сендірді. Яғни көпшілік тұтынатын май бағасы арзандауы әбден мүмкін.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин