Қызылордадағы тікұшақтың апатқа ұшырауына электр жүйесі себеп болуы мүмкін
Авиация ардагері Таньяр Шарипов осылай дейді. Отставкадағы полковник ұшқыштардың кәсіби дайындығына күмән келтірмейді. Айтуынша, Ми-8 тікұшағы ең сенімді әуе көліктері қатарына жатады. Әрбір ұшу алдында техника жіті тексеріліп, арнайы құжаттар рәсімделеді. Ал апаттың нақты себебі тек тексерістен кейін ғана белгілі болады.
Таньяр Шарипов, отставкадағы полковник:
- Авиациялық техникадан ақау шыққан деп ойлаймын. Қорғаныс министрлігі бұл тікұшақты 2014 жылы күрделі жөндеуден өткізген. Ол 2022 жылға дейін бұзылмауы тиіс еді. Әуе көлігі қандай да ауа райына дес бермеуі керек. Сондықтан «апатқа қолайсыз күн райы әсер етті» деу қиын. Әрі ұшқыштардың да дайындығы күшті болатын. Олар 5-10 минуттық аралықпен ұшып отырды. Қалған үш тікұшақ межелі жерге аман-есен жетті.