Қызылордалық тұрғындар көпір құрылысына алаңдаулы
Жергілікті халық: «Сырдария өзенінің үстінен салынып жатқан көпір құрылысы тоқтап қала ма?», – деп қауіптенеді. Оған көктем шыға Сырдарияда су көтеріліп, жаңа өткелдің тіреуіштері қозғалғаны байқалғаны себеп болған. Талай жылдан бері қалқымалы көпірден,қорқып өтіп жүрген арғы беттегі ағайынның көптен күткен мәселесі қашан шешіледі?
Қазалы ауданының тұсында өзеннің арғы бетіндегі 13 елді мекенмен байланыстыратын екі өткел бар. Оның екеуі де қалқымалы көпір. Қыста мұз үстімен өтетін тұрғындар күн жылып, мұз еріген шақта қауіп күшейе түсетінін айтады.
Аян Арзы, Қожабақы ауылының тұрғыны:
- Біз шалғай ауылда тұрамыз ғой. Қожабақы, Бөзкөл, Кәукей деген. Сол ауылға қатынау қиын болып тұр. Қаланың жанында көпір бар еді. Ол да кеше суға батып кетті.
Дауылбай Қапаров, Бекарыстан би ауылының тұрғыны:
- Күзде, көктемде бізде қиын жағдай. Міне үш күннен бері жол жоқ. Мынадан көшіріп, басқа жаққа әкелудің өзі үлкен жұмыс болды. Сонымен осы тұрғанда машинамызды тастап кеткенбіз.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Дарияның арғы бетіндегі 20 мың тұрғынның негізгі қатынас жолы осы. Алайда бұл қалқымалы көпір 10 тоннадан артық жүкті көтермейді екен. Сондықтан ауыр жүк көліктері 150 шақырым жерді айналып өтуге мәжбүр. Осы ретте ауыл тұрғындары жаңа көпірдің құрылысына үлкен үмітпен қарап отыр.
Дегенмен жақын күндері көпір құрылысынан ақау шықты дегенді естіген қазалылықтар көптен күткен өткел сақалды құрылысқа айналып кете ме деп алаңдайды. Сырдарияның суы көтерілген тұста көпір тіреуіштерінің қозғалғанын мамандар да растап отыр.
Берік Ботпаев, Құрылыс учаскесі бастығының міндетін атқарушы:
- Ол қозғалып, су көтеріліп кетті. Сол себепті астын бұзып, қайтадан жинап жатырмыз.
Мұрат Тілеуімбетов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Бірақ бұл негізгі көпірдің конструкциялық тірегіне ешқандай зияны жоқ. Бұл тіреуіштерінің бос болуына байланысты қозғалған. Оларға арнайы сызба жұмыстарын алғызып, соған сәйкес бекітіліп, енді жұмыстары жүріп жатыр. Екінші рет кедергілер болмайды деп ойлаймыз.
Құны 2 млрд 680 млн теңге болатын көпірдің ұзындығы 220, ені 12 метрден асады. Мамандар толықтай монолиттен құйылатын көпірді биыл қыркүйек айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Ал тұрғындар көптен күткен көпірдің ең бастысы сапалы салынғанын қалайды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов