Қызылорда облысында биыл 11 ауылға табиғи газ беріледі
Қызылорда облысындағы Дүр Оңғар ауылының тұрғындары жақын маңнан өтіп жатқан «Бейнеу-Бозой» магистральды газ құбырының игілігін көргісі келеді. Елді мекен ішіне газ құбырын тарту үшін жергілікті шаруашылықтың қаржысы есебінен жобалық-сметалық құжаты да дайындалған. Ауылдықтардың көптен күткен арманы қашан орындалады? Жауапты мамандардың жоспары қандай? Өңірде биыл неше елді мекен газбен қамтылады?
Қармақшы ауданының орталығы үш жыл бұрын табиғи газға қосылды. Одан кейін Ақай және Төретам елді мекендері де көгілдір отынға қол жеткізді. Осындай игіліктен Дүр Оңғар ауылының да тұрғындары үмітті. Жергілікті тұрғын Бақытбек Тәуекеловтың отбасы жылу маусымы кезінде кемінде 6 тонна көмір пайдаланады. «Күніне бірнеше рет пеш жағып, күл шығару үшін біраз уақыт зая кетеді. Ауылға газ келсе, мұндай бейнеттен құтылар едік»,-дейді зейнеткер.
Бақытбек Тәуекелов, Дүр Оңғар ауылының тұрғыны:
- Айналамыз Сырдария өзенінің бойында тұрамыз. Бұрын қалың жиде, тоғай болған жер. Жыңғыл деген өсімдік бар бізде. Тамызыққа соны аламыз. Орман, тоғай мекемесінің рұқсатыменен әр отбасы түсіреді.
400-ге жуық үй, екі мыңдай тұрғыны бар Дүр Оңғар ауылына газ тарту үшін жергілікті шаруашылықтың қаржысы есебінен жобалық-сметалық құжаты да дайындалған. Бұл мақсатқа бюджеттен бөлетін қаржыны күтпей, елді мекенге көгілдір отынды барынша тез жеткізу үшін осындай шара қабылданған.
Жандос Еркінбек, Қармақшы ауданының әкімі:
- Жалпы жобаға 7 млрд 100 млн теңгедей қаражат қажет етеді. Сол жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен биылғы жылы 1 млрд теңге қаражат бөлінді. Сонымен қазіргі таңда конкурс нәтижесінде мердігер мекемесі де анықталып отыр. Қысқа мерзімде газ жүйесін жүргізу жұмыстарын бастап кетеміз деп жоспарлап отырмыз.
Дүр Оңғар ауылына газ құбыры аудан орталығы Жосалы кентінен тартылады. Жол жөнекей Төребай би мен Игіркөл ауылдық округтерін де көгілдір отынмен қамту жоспарланған. Бұл жоба жүзеге асқан кезде Үшінші интернационал, Ақтөбе, Ақжар, Тұрмағамбет елді мекендерін де табиғи газға қосу мүмкіндігі туады. Яғни Қармаұшы ауданындағы газдандыру көрсеткішін 90%-ке жеткізуге болады,- дейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Бүгінде Қызылорда облысындағы ауылдарды газдандыру үшін құны 30 млрд теңге болатын 20 жоба жүзеге асып жатыр. Осылайша жыл соңына дейін барлығы 11 елді мекенге көгілдір отын жеткізу көзделіп отыр. Жоспар жүзеге асса, аймақтағы газдандыру көрсеткіші 78%-ке жетеді.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев