«Жайлы мектеп»: Ақмола облысында жаңа үш білім ошағы ашылды
Ақмола облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа үш білім ошағы ашылды. Ұлттық жобаны сәтті жүзеге асырып отырған өңірде осылайша 9 мектеп бой көтерді. Заманауи құралдармен жабдықтталған білім ошағында оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.
Минас Ерланұлы үш жыл ауыл мектебінде информатика пәніненен сабақ берген. Заманауи көзқарастағы маман жуырда жаңа мектеп-гимназияға жұмысқа орналасты. Жас мұғілім сабақ барысында жасанды интеллект пен цифрлық платформаны жиі қолданады.
Минас Ерланұлы, информатика пәнінің мұғалімі:
- Бұл мектеп жас маманға, барлық педагогтарға жағдайын жасап отыр. Көріп отырғандарыңыздай, роботатехника кабинеті соңғы озық үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл жерде айтып өтуімізге болады, бізге соңғы үлгідегі робот-гуманоид келді. Ол біздің жұмысымызды айтарлықтай жеңілдетіп, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырады.
Мың жарым оқушыға арналған мектеп қаладағы жаңа шағынауданда бой көтерген. Қазірдің өзінде ата-аналар балаларын заманауи білім ордасына беруге асығуда.
Айдана Бейсен, қала тұрғыны:
- Жаңа бағдарламалармен, көптеген жабдықтармен жабдықталған осындай жақсы, жайлы мектеп болған соң сеніміміз, үмітіміз зор. Сондықтан баламызды осы мектепке көшіріп, осы мектепке әкеліп жатырмыз.
Жаңа білім ошағының ауданы да үлкен. Ал техникалық құрылғылармен жабдықтау көрсеткіші өзге мектептермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Қазір білім ошағында педагогикалық ұжым жинақталып, оқушыларды қабылдау жалғасып жатыр.
Айгерім Қошанова, мектеп-гимназия директоры:
- Бұл мектептің басқа мектептерден айырмашылығы – бұл жерде қандай бала болсын білім алуға мүмкіндігі бар. Және мектепте барлық оқу кабинеттері жаңа форматта жабдықталған. Сонымен қатар оқушылардың әрбіреуінің жеке сөрелері бар. Барлық кабинеттерде жаңа, соңғы үлгідегі оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталған.
Өңірде өткен жылдың басынан бері ұлттық жоба аясында 9 «жайлы мектеп» салынды. Олардың жетеуі Целиноград ауданында бой көтерген. Бұл үшауысымды мектеп мәселесінің шешілуіне мүмкіндік береді.
Ботагөз Дүйсенова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Бүгінгі күні Көкшетау қаласында екі мектеп үшінші тоқсанның бірінші күнінен бастап екі мектеп есіктерін айқара ашуда. Біреуі – мектеп-лицей, екіншісі – мектеп-гимназия. Ертеңгі күні тоғызыншы мектеп Целионград ауданында Қоянды ауылында екі мыңға арналған мектеп іске қосылады. Жалпы 9 мектеп дегеніміз – 12 мың 200 орынға арналған мектептер.
Бүгінде Көкшетаудағы екі жайлы мектептің ауласы абаттандырылып, қоғамдық көлік іске қосылды.
Асланбек Шығыр, Аслан Әбутәліпов, Евгений Шинкаренко