Түркістандық оқушы әуелетіп доп тебуден әлем рекордын жаңартты
Түркістандық мектеп оқушысы әуелетіп доп тебуден әлем рекордын жаңартты.
Қазығұрт ауданында тұратын 14 жастағы Мейрамбек Сілеусінов допты жерге түсірмей, 7 мың 994 рет тепкен. Спорт сарапшылары: «Бұл әлемдегі ең үлкен көрсеткіш»,– деп отыр. Себебі атақты аяқдопшы Месси мен Роналдудың өзі мұндай көрсеткішке жете алмаған. Мейрамбектің 8 мыңға жуық доп тебуіне 2 сағаттан астам уақыт кеткен.
Әуелете доп тебуден «Ордабасы» футбол академиясы ұйымдастырған сайыста Мейрамбек өзінің ғана емес, әлемдегі аяқдоп шеберлерінің рекордын жаңартты. Бұған дейін ең үздік көрсеткіш бразилиялық әйгілі футболшы Роналдиньоға тиесілі болған. Ол допты жергі түсірмей, 7432 рет тепкен. Ал Мейрамбектің көрсеткіші – 7994.
Мейрамбек Тойлыбаев, 8-сынып оқушысы:
- Мен жарысқа 1 аптадай дайындалдым. Азанда сабаққа кетемін, түсте келемін. Күнде 2-3 мың ұрып тұрамын. Жарысқа барып, қорқыныш сияқты сезім болған жоқ. 8 мыңды істеймін дедім, кейін бас жүлдені алдым.
Мейрамбектің ала допты жанына серік еткеніне 3 жылдан асты. Оны спорттың бұл түріне өзінің туған ағасы - Бекарыс баулыған.
Бекарыс Тойлыбаев, Мейрамбектің ағасы:
- Мейрамбек өзі жастайынан допқа құмар болып ойнап өсті. Бірте-бірте қызығушылығын байқадым. Байқағаннан кейін әрмен қарай қызығушылығын ояту мақсатында профессионалды доптар алып, дайындығын күшейте бастадық. Жалпы жетістікке жету үшін ең алдымен шыдам керек.
Мейрамбектің рекорды әзірге құжат жүзінде бекітілмеген. Бірақ оның 3 сағатқа жуық допты түсірмей тепкенін дәлелдейтін видеолары бар. Егер рекордтар кітабына енгізу үшін қайта доп тептірсе, оған да дайын. Оқушының осы көрсеткішіне қарап, оны үлкен футбол клубтары шақырта бастапты.
Арман Пірманов, «Ордабасы» ФК балалар академиясының өкілі:
- Біздің ойымыз – қазір бұл баланы ауданнан алып келу керек. Ағасына да айттық. Енді ағасы жақында қалаға көшіп келіп, Шымкентке інісін алып келеді. Содан кейін біз академияға алып барамыз. Ол жерден жақсы ойнап кетіп жатса, өзіміздің «Ордабасыға» алып кетеміз. Ары қарай жататын жерін де, тамағын да барлығын «Ордабасы», «Оңтүстік академия» төлейді.
Теңбіл допты аяғымен ұршықша иірген жеткіншектің жетістігі аз емес. 8-сыныпта оқитын Мейрамбек болашақта Қазақстан Ұлттық құрамасы сапында ойнауды армандайды. Сонымен қатар әуелете доп тебуден өз рекордын 10 мыңға жеткізіп, әлемде бірінші болуды қалайды.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш