Украинадағы президенттік сайлаудың екінші кезеңі өтеді
Соңғы ақпаратқа қарағанда Орталық сайлау комиссиясы бюллетеннің 80% астамын өңдеп үлгерген. Алдын ала мәліметтер бойынша актер Владимир Зеленскийге халықтың 30,41%, ал елдің қазіргі президенті Петр Порошенкоға 16,03% дауыс берген. Юлия Тимошенконы 13,24% сайлаушы қолдаған.
Украинаның алтыншы президенті болуға 39 үміткер тіркелген. Алайда саяси дода үш кандидаттың арасында жүретіні күзде-ақ белгілі болған еді. Сонымен Украинадан жеткен соңғы жаңалықтарға сүйенсек, актер Владимир Зеленский 30% астам дауыспен көш бастап келеді.
Владимир Зеленский, Украина президенттігіне үміткер:
- Мен бірнеше экзит-пол нәтижелерін көрдім. Сонымен 30,4%. Бұл тек басы ғана. Біз босаңсымаймыз.
Владимир Зеленскийден кейін екінші орында қазіргі президент Петр Порошенко тұр. Оған сайлауға келген xалықтың шамамен 17% дауыс берген. Петр Порошенко сайлаудың еркін және халықаралық стандартқа сай өткенін айтты.
Петр Порошенко, Украина президенті:
- Дауыс беру кезінде азаматтардың таңдау жасауына кедергі келтіретін бірде-бір заңбұзушылық көрмедік. Барлық экзит-пол нәтижелері біздің команданың екінші айналымға өтетітін растады. Құттықтаймын!
Жалпы жексенбі күні ел бойынша ашылған 29 мыңнан астам учаскеге сайлаушылардың 63,52% келіп, таңдау жасаған екен. Сайлаудың қорытынды нәтижелері 10 сәуірге дейін жарияланады. Әзірге белгілісі кандидаттардың ешқайсысы 50% астам дауыс жинап, топ жарған жоқ. Яғни 21 сәуірде сайлаудың екінші айналымы өтеді. Оған Владимир Зеленский мен Петр Порошенко қатысады. Саяси науқанның соңғы нәтижелері 1 мамырға дейін белгілі болып, Украинаны алдағы 5 жылда басқаратын президенттің есімі анықталады.
Авторы: Меруерт Жақан