Қостанай облысы: Арқалық қаласының әлеуметтік жағдайын жақсартуға қаржы қарастырылды
Қостанай облысындағы Арқалық қаласының әлеуметтік жағдайын жақсартуға 2 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Бұл қаржыға жолдарды жөндеу, маңайындағы елді мекендерге ауызсу тарту көзделіп отыр.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Арқалық қаласының болашағына күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Оған себеп – қаланың негізгі табыс көзі боксит қорының таусылуға тақағандығы. Білетіндердің айтуынша, минералды шикізат әрі кетсе он шақты жылға жетеді.
Қаланы жылыту үшін қымбат отын мазут жағатындығы да қазынаға ауыр салмақ салып тұр. Сол шығынды өтеу үшін мемлекет жыл сайын Арқалыққа миллард теңгеге жуық дотация бөледі. «Әрине, қиындықтар бар, десек те көз алдымызда болып жатқан игі өзгерістер қаламыздың болашағы зор екендігіне сенім ұялатады», – дейді Арқалықтың байырғы тұрғыны Жәнібек Ғапбасұлы.
Жәнібек Ғапбасұлы, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Мысалы бұрын қалада той жасайтын болса, оны мектептердің спорт залдарында, үлкен мекемелердің ішінде өткізсе, бүгінгі таңда қаланың бір өз басында 10-ға жуық мейрамхана бар.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Арқалықты «контрасты қала» десе болады. Бір жағында өткен тоқырау жылдарының елесіндей мынандай есік терезесі үңірейіп, қираған үйлер, ал бір жағында жарқын болашақтың белесіндей жаңадан тұрғызылған ғимараттар. Соңғы үш-төрт жылда Арқалықта он шақты үй қалпына келтіріліп, қайтадан тұрғызылды.
Мынау бесқабатты үй 20 жыл бойы қаңырап бос тұрған. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ескі үй жаңа кейіпке енеді. Мұндағы 115 пәтер көпбалалы отбасыларға, медициналық қызметкерлерге, кезекте тұрғандарға бөлінеді. Өткен жылы Арқалықта заманауи медициналық орталық ашылғандығын да айта кеткен жөн.
Әсет Әбішев, Медициналық орталық дәрігері:
- Арқалық қаласынан бөлек 300 шақырым қашықтықтағы жерлерден келіп жатқан кісілер бар. Аз емес. Ол жерде жоқ мамандар осы жерден табылған соң келіп жатыр.
«Арқалық – Шұбаркөл» теміржол желісінің ашылуы, ет комбинаты сияқты өндіріс орындарының іске қосылуы, жаңа бизнес нысандарының пайда болуы қаланың дамуына оң септігін тигізгені анық. Арқалықтың бір өзінде ғана жиһаз жасайтын 5-6 цех бар екен. Ал әлеуметтік саланың әлеуетін көтеруге биыл да қомақты қаржы қаралып отыр.
Индира Хамзина, Арқалық қаласының Экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Биыл Арқалық қаласын абаттандыруға, сәнін көркейтуге 2 млд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Оның басым бөлігі Дачный кенті мен Восточный ауылының су құбырлары жүйесін жөндеуге, сондай-ақ Арқалық қаласының жолдарын жөндеуге бөлінді.
Айта кетелік, Арқалықты дамытуға республикалық трансфертпен облыстық бюджеттен биыл 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлу жоспарланып отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг