Өңірлерде аутизм дертімен күресуге қатысты шаралар ұйымдастырылды
Елімізде де осы дертке шалдыққан балалар бар. Сол себепті соңғы жылдары ірі қалаларда арнайы орталықтар құрылып, аутизммен ауыратын балалардың білім алуына, ортаға бейімделуіне тиісті жағдай жасалуда.
Орал қаласындағы №21 мектептегі инклюзивті сынып былтыр күзде ашылыпты. Мұнда бүгінде 7 бүлдіршін білім алады. Бибіажар солардың бірі. Бүгінде ол өз құрбыларымен ойнап-күліп, сөйлесуді үйренген. Ғалымдардың зерттеуінше аутизм тұқым қуалаушылықтан және жүйке жүйесінің бұзылуынан болады екен. Аталған диагноз қойылғанда алғашында кез келген ата-ананың абдырап қалатыны рас.
Айнагүл Есенғалиева, «Асыл мирас» орталығының супервайзері:
- Бұдан ешкім де сақтанбаған. Кімнің ұрпағы қандай болып келерін ешкім де білмейді. Ол ауадан ба, тұқымнан ба, ешкім әлі анықтаған емес. Сондықтан өзінің баласынан ерекшелік анықталған жағдайда ертерек шара қолдану қажет.
Гүлім Аманқұлова, сырқат баланың анасы:
- Мұнда келіп жүргенімізге бір жылдай болды. Дәріс алдық. Кішкене болса да балаларымыз түсінеді. Осылардың алып жатқан нәтижелерін көрсетіп жатыр. Осындай мекемелер ашылып жатқанына қуаныштымыз.
Орал қаласындағы «Асыл мирас» аутизм орталығы былтыр көктемде құрылса, Атырауда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шеберхана-орталық ашылды. Орталық қозғалыс-тірек қызметі бұзылған және Даун синдромы мен аутизм дертіне шалдыққан балаларды оңалтуға арналған.
Гүлбарам Ермұханова, «Венера инклюзивтік шеберханасы» орталығының үйлестірушісі:
- Мен өзім де мүмкіндігі шектеулі баланың анасымын. Ұлым аутизм дертіне шалдыққан. Ол өскен сайын қоғамнан алшақтап бара жатты. Осыған байланысты менде осындай балаларға неге орталық ашпасқа деген ой болды. 20-25 баланы қабылдау жоспарымызда бар.
Ал Жамбыл облысында аутизмге шалдыққан 125 бала бар. Оларға арнап №25 орта мектеп жанынан инклюзивті білім берудің ресурстық кабинеті жұмыс істейді. «Әр бала мектепке лайықты» жобасы аясында тағы осындай 2 кабинет ашу жоспарда.
Ресми мәліметке сәйкес елімізде аутизмге шалдыққан балалардың саны 4 707 болса, соның бестен бірі Алматы қаласында тіркеліпті. Еліміздегі ең ірі шаһарда аутизмге қатысты шешімін таппаған мәселе көп. Тегін оңалту орталықтары саусақпен санарлықтай болған соң, сырқаттар кезегін жылдап күтуге мәжбүр. Барының өзінде қазақ тілді мамандар тапшы. Бұл ата-аналарға қосымша қиындық тудыратыны жасырын емес.
Халықаралық аутизм күніне арналған шаралар Қарағанды, Ақтау қалаларында да өтті. Барлық шараның соңы көк шарлардың көкке ұшуымен аяқталды. Қыздарға қарағанда ұлдардың арасында бес есе жиі кездесетіндіктен де көкшіл түс аутизмге шалыққандарды қолдау түсі боп таңдалыпты.
Авторы: Е.Жылқайдарұлы