Хабар телеарнасы

Еліміздің теріскей өңірлеріне қауіп төндірген қызыл судың беті қайтты

Құтқарушылар қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төленетін болады.

Қылшақты өзені тасып, 5-6 баспана зардап шекті. Тағы 10 шақты үйдің ауласына су кірген. Мамандардың айтуынша, аталған өзеннің бойында 600-ден астам нысан орналасқан. Көбі – жер үйлер.

 

Тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы төленеді

Су тасқынынан зардап шеккендерге 75 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері мәлімдеді. Қазір су басқан үйлерде суды сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала тұрғындарының айтуынша, дәл мұндай көп су облыс орталығында бұрын-соңды болмаған.

Мырзабек Мырзахметов, қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі:

- Зардап шеккен азаматтарға Төтенше жағдайлар басқармасына арыз жазу керек. Еңбек және әлеуметтік қорғау бөліміне жолығып, үйінің барлық құжатын жинап, өзіне тиесілі 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі өтемақыны ала алады.

 

171 адам қауіпсіз аймаққа шығарылды

Ал тасқынға байланысты Солтүстік Қазақстан облысындағы Қаратау ауылынан 171 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Барлығы бұл елді мекенде 230-дан астам тұрғын бар. Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары мәлемдеді. Оның айтуынша, аталған аймақта су басу қаупі әлі сейілген жоқ.

Нұрділдә Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі:

- Бұған байланысты инженерлік суды тарту жұмыстары жүріп жатыр. Осы қазіргі жағдайға келетін болсақ, судың шамасы біршама азайып, басқа ауылды су алу мәселесі тұрған жоқ.

Азамат Қожанов, Есіл бассейні инспекциясы облыстық аумақтық бөлімінің басшысы:

- Таңғы 06:00-ден мәлімет бойынша Сілеті қоймасындағы судың мөлшері 220 млн текше метрді құрады. Кешегі күнмен салыстыратын болсақ, оның деңгейі 3, ал Изобильный гидробекетінде 24 сантиметрге дейін төмендеді. Қулыкөл мен Қаратал ауылдарында жағдай кешелі бері өзгерген жоқ.

Қазір аталған аймақтарда жағдай тұрақты. Тасқынның алдын алу шаралары күшейтілген. Мамандар барлығын қатаң бақылауға алғандарын айтып отыр.

Авторы: Бірлік Берікұлы