СҚО-ға қарасты елді мекендерде тасқын судың қаупі сейіле бастады
Облыстың Қаратал және Қулыкөл елді мекендерінде тасқын судың қаупі сейіле бастады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары хабарлап отыр. Мәселен, ауыл іргесіне жеткен су бүгінгі күні 30 сантиметрге дейін төмендеген. Ал қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар әлі күнге дейін эвакуациялық бекетті паналап отыр.
Бұл – Қулыкөл орта мектебі. Ауылдағы эвакуациялық бекет осында орналасқан. Күніне аспазшылар 200-ден астам адамға ас әзірлейді. Мұнымен қоса көрші Қаратал елді мекенінен жеткізілген 50-ге тарта тұрғын әлі күнге дейін осы жерді паналауда.
Қарашаш Нұрахметова, Қаратал ауылының тұрғыны:
- Келін болып түскен күнім еді. Өзіміз тойлаймыз деп отырғанбыз. Жағдай аяқ астынан осындай болды. Бір табақ етімді асып отырғанмын. Ешкім келмеді. Ауылдың жартысы кетіп қалды. Мектебіміз жақсы болды. Барлық жағдай бар. Жататын орын, тамағы бар. Үш мезгіл тамақ береді.
Оқушылар үшін көктемгі демалыс аяқталып, оқу басталды. Мектеп директорының айтуынша, орын алған жағдайға байланысты сабақтар тоқтатылмайды.
Жанар Мұқышева, Қулыкөл орта мектебінің директоры:
- Су тасқыны оқу үрдісіне ешқандай кедергі келтірмейді. Келген кісілерді 4-5 кабинетке орналастырған. Қалған кабинеттерде сабақ жүргізіледі.
Айта кету қажет, тасқын су «Сегіз көз» гидротехникалық құрылымының бір бөлігін шайып кетті. Аталған нысанға тек өткен жылы ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.
Медет Оспанов, Уәлиханов ауданының әкімі:
- Бүгінгі күні 5 метрге жақын су жерді шайып, сол жерден су өтіп жатыр. Жөндеу жұмыстары да басталды. Құрылыс компаниясы және жобаны құраушы азаматтар осында келеді. Сол кісілермен зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Нәтижесінде арнайы шаралар қолданылады.
Қазір тасқыннан қауіп сейілді. Ауыл іргесіне жақындаған су 30 сантиметрге дейін төмендеді. Сондай-ақ өткен тәулікте Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан 23 млн текше метр су жіберілген. Бұл алдыңғы күндердегі көрсеткішпен салыстырғанда біршама төмен. Жалпы қазір екі ауылда Петропавл, Павлодар және елордадан келген мамандар еңбек етуде.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Иә, көктем келіп, тасқын су солтүстікқазақстандықтарды біраз әлекке салды. Абырой болғанда мал-жан аман. Бұл ең бастысы. Ал қазір жерігілікті, республикалық маңыздағы жолдардың 10 учаскесін су шайып жатыр. Соңғысы Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Чистополье елді мекенінде. Мұнда көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев