СҚО-да 5 мыңға жуық бала инклюзивті біліммен қамтылды
Солтүстік Қазақстан облысында да 5 мыңға жуық бала арнайы және инклюзивті біліммен қамтылды. Оларға балабақшалар мен мектептерде қосымша қолдау кабинеттері ашылды. «Бұл мүгедектігі бар оқушылардың қоғамға тез бейімделіп кетуіне оң ықпал етеді», - дейді мамандар.
Балабақшадағы мектепке дейінгі мына бір даярлық тобында көзі нашар көретін балалар тәрбие алады. Логопед олардың сөйлеу қабілетін ашу үшін осындай жаттығулар жасайды. Әрқайсының деңгейіне байланысты жеке – жеке жұмыс істейді. «Бұл өте маңызды», - дейді маман.
Айгүл Нұртаева, логопед:
- Бірінші сыныпқа баратын бұл балалардың сөйлеу қабілетін дамыту керек. Әсіресе лексикалық-граматикалық компонентіне мән берген жөн. Бұл олардың шығарма жазып, мазмұндама айтуына оң ықпал етеді.
Бүгінгі күні облыстағы 27 мектепте арнайы білім беруді қажет ететін балаларды қолдау кабинеті ашылған. Сонымен қатар мүгедектігі бар оқушыларға сабақ беретін 5 мыңға жуық мұғалім арнайы курстан өтті.
Елена Балтина, Білім басқармасы әдістемелік орталығының әдіскері:
- Негізгі мәселе – сапалы кадр даярлау. Бұл ретте қазір арнайы семинар өтіп жатыр. Астанадан келген білікті мамандар жергілікті тәрбиешілер мен мұғалімдерді оқытып, біліктілігін арттырады.
Солтүстік Қазақстан облысында 26 арнайы білім беру ұйымы бар. Ал келер жылы Петропавлда тағы бір аутизм орталығы ашылады деп жоспарланып отыр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов