«Әулие-Ата» кәсіпқой клубы көкпардан ел чемпионы атанды
Жамбыл облысы – ұлттық спортымызды кеңінен насихаттап жүрген аймақтардың бірі. Бұл ретте «Әулие-Ата» кәсіпқой клубының шоқтығы биік. Талай дүбірлі додаларда топ жарып жүрген команда осы күнге дейін шын мықтыға тұсау жоқтығын дәлелдей білген. Күні кеше ғана Қызылорда облысында өткен Жастар чемпионатында да әулиеаталық жастар командасы ел чемпионы атанып келді.
«Әулие-Ата» кәсіпқой клубы 1999 жылы құрылған. Содан бері атауы сан мәрте өзгеріп, түрлі кезеңдерді басынан өткерді. Десе де клуб жабылған жоқ. Керісінше құрамы кіл мықты сайыпқырандармен толықты. Бүгінде 100-ден аса қарым-қабілеті мықты жігіттер жас ерекшеліктеріне қарай ересектер, жастар және жасөспірімдер тобына бөлініп жаттығады. Сондай-ақ ұлттық спорттың 7 түрінен кіл мықты саңлақтарды дайындап, биіктерді бағындырып жүр.
Нұрдәулет Момынов, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
- Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, содан кейін асық ату, тоғызқұмалақ, саятшылық, бүркітшілік. Біз алдында тек қана ат спортымен айналысатынбыз. Ат спорты болғандықтан, тек қана аттың үстіндегі спортты дамытқанбыз. Содан атауымызды өзгертіп, ұлттық спорт түрлерінен кәсіби клуб болдық.
«Әулие-Ата» кәсіпқой клубы бүгінгі күнге дейін 3 халықаралық дәрежедегі, 4 еңбек сіңірген, 80 спорт шеберін тәрбиеледі. Ұлттық құрама сапында 4 жерлесіміз төл спортты төрге оздырып жүр. Солардың бірі – Құрманбек Тұрғанбек. Жастар арасында ұлттық құраманың бас бапкері бүгінгі күні жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығы артқандығын айтады.
Құрманбек Тұрғанбек, «Алтын тұғыр» номинациясының иегері:
- Жастардың қызығушылығы өте мол. Қазақстанның чемпионттары, фестивальдер болып жатыр. 15 күннің ішінде жастар арасындағы Азия чемпионаты болайын деп жатыр. Бұл жерде 50-ге жуық бала іріктелуге келді. Соның ішінен 12 бала іріктеліп, Қазақстанның намысын қорғаймыз бұйыртса.
Нұрдәулет Момынов, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
- Атқа баланы таңдаймыз, ал баланы атқа таңдамаймыз. Өйткені бала тақымына жаққан атты ғана жүгендей алады. Шаптыра алады. Басқа атқа мінгізсеңіз, ол ойын басқаша көрсетеді.
Ұлы дала төрінде атқа міну мәдениетін терең меңгерген қазақ халқы үшін ұлттық спорт ойындары қанымызға жат емес. Қазір өңірдің үш ауданының спорт мекемелерінде ат спорты бөлім болып ашылды. Енді тайды тақымдап мініп, атақты шабандоз атанатын жастардың да қатары көбейетіні ақиқат.
Авторлары: Қырмызы Жексенбек, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатілла