Тараздағы көпқабатты тұрғын үйдегі жарылыстың себебі анықталды
Бұл – сот, кешенді комиссиялық, өрт-техникалық сараптамалардың қорытындысы. Ал зардап шеккен тұрғындардың пәтерлері қайта жөнделіп, 15 қазанға дейін иелеріне тапсырылмақ.
Қырмызы Жексенбек, тілші:
- 27 ақпанда мына көпқабатты тұрғын үйде жарылыс болып, 4 адам қаза тапқан еді. Апаттың себебін анықтау үшін өңірде арнайы комиссия құрылған болатын. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша жарылыс жабық кеңістікте газ-ауа қоспасының пайда болуынан дейді.
Талғат Сабыров, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Төтенше жағдайлар себептерін анықтау үшін облыстық комиссия құрылды.Үш отырыс өткізілді. Кешендік экспертизаның материалдары бойынша жарылыстың басты себебі табиғи газдың ақауынан болып отыр.
Зерттеу жүргізген мекеменің қорытындысына сәйкес, 62-тұрғын үй, қайта қалпына келтіруге жарамды деп танылған. Қалалық тұрғын үй инспекциясы құжаттарын дайындап жатыр. Жоба бойынша пәтерлер еш өзгеріссіз, шаршы алаңына сәйкес қайта жөнделеді.
Ғазиз Ералиев, Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы:
- 45 күннің ішінде қорытынды беріледі. Мемлекеттік сараптамадан өтеді, содан кейін жұмыс басталатын болады. 15 қазанға, яғни жылыту беру маусымына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жарылыс кезінде есік терезелері сынған көрші подъездегі пәтерлер мен қарама-қарсы 59 үйдің кіреберістері 2,5 млн теңгеге жөнделді. Ал зардап шеккен 21 отбасы әзірге 13-ші Бәйтерек шағын ауданындағы 26 көпқабатты тұрғын үйде уақытша тұрып жатыр. Олардың коммуналдық төлемдерін жергілікті билік өз мойнына алған.
Авторлары: Қырмызы Жексенбек, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатілла