Интернетке қанша уақыт жұмсаған жөн?
Ал оның пайдасы мен зияны туралы қоғам пікірі екіге бөлінетіні рас. «Елімізде балалардың 16-20% бос уақытын интернетте өткізеді», – дейді бала құқығын қорғаушы мамандар.
Ілияс айтып отырған әннің жалғасы тақырыбымызды толықтырып тұрғандай. Басында интернет жақсы болып көрінеді, кейін тәуелді етеді.
Ілияс Төлеген, 7-сынып оқушысы:
- Менің бір досым интернетсіз жүре алмайды. Тіпті сабақ үстінде де пайдаланады. Егер мұғалім тартып алса, наразылық білдіреді. Ренжіп, ашуланады.
Интернетті шамадан тыс пайдалану, ең алдымен баланың психикасына кері әсерін тигізеді. «Бұл – ата-ана қарауынан тыс қалған балаларға қауіпті», – дейді мамандар. Мұны білген ата-ана баласын қатаң бақылауға алуы шарт. Мәселен, Ілияс пен анасы арасында келісім бар. Күніне екі сағат қана интернетті пайдаланауға рұқсат етілген.
Эльвира Төкенова, Ілиястың анасы:
- Менің балам 13 жаста. Нағыз интернетке бүйрегі бұрып тұратын шақ. Сондықтан мен қатаң қадағалауға көштім. Мектепке телефон ұстап кетеді, тек қана сөйлесу үшін. Смартфон ішінде баланс болмайды. Ал үйде Wi-Fi бар. Менің бақылауыммен, әрі кетсе екі сағат қана пайдаланады.
Ол үйде. Мектепте бала өзін қалай ұстайды? Мәселенің мән-жайын білу үшін білім ошағына бардық. Сырттан бақыладық. Үзілісте ойнап жүрген оқушы көрмедік. Тек қабырғаға таянып, телефонға телміріп тұрған бала көп. Бәрінде бір-бір смартфон.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Дүниежүзі бойынша балалардың 80% күніне интернетті 3 сағат пайдаланады екен. Ал әлемдегі әрбір алтыншы бала интернетті күніне 8 сағат пайдаланады. Бұл дегеніміз қатаң бақылауды талап етеді деген сөз. Дәрігерлердің айтуынша бала күніне 2 сағат қана интернетте отыру керек.
Раушан Кенбаева, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бас маманы:
- Балалар мен жасөспірімдерде ең көп кездесетін аурулар көз, мүсін бұзылуы, сколиоз, тыныс алу жүйесінің аурулары. Сонымен қатар тірек қимыл аурулары көп кездеседі. Біздің мемлекетте 118 жастар орталығы жұмыс істейді. Олардың басты мақсаты жастар мен жасөспірімдер анонимді түрде келіп, кеңес алып, көмек алуына болады.
Хош. Бүлдіршіндерді әңгімеге тарттық. Барлығын өздерінен сұрап білуді жөн санадық:
- Мен 4-сынып оқығанда анам маған телефон алып берді. Содан бастап мен телефонға қатты қызығып, әртүрлі сайттарға кіріп көремін, содан көзілдірік тағамын.
- Интернетсіз қазіргі таңда өмір сүру қиын. Себебі қазір көп нәрсе интернет арқылы шешіледі.
- 3-сыныптан бастап ұстаймын. Маған анам ұзақ ұстауға рұқсат бермейді. Менің телефоным көбіне анамда болады және анам маған көзіңді құртасың деп айтады. Өзімнің денсаулығым үшін көп қолданбаймын.
Балалардың басым бөлігі екі сағаттан артық интернетті пайдаланбайтын болып шықты. Мамандар: «Баланың қанша уақыт интернетте отыруы – екінші кезектегі мәселе. Ал ең маңыздысы – ғаламтордың әсері. Барлық ата-ана санға мән беріп, сапаны естен шығарады», – дейді.
Серғазы Нарынов, техникалық ғылымдар кандидаты:
- Әр бала өзінің жас ерекшелігіне байланысты ақпаратпен қамтылуы тиіс. Себебі қазір ақпараттар саны күн санап артып келеді. Ол баланың жас ерекшелігіне сай келмейтін дүниелер болуы мүмкін. Сондықтан бала интернетте отырғанда абай болуы керек.
Бала құқығын қорғау комитетінің мамандары: «Баланы интернеттен шектеудің қажеті жоқ. Тек оның қандай сайтқа кіріп, не көретінін бақылау маңызды», – дейді. Ол үшін арнайы смартфондарға арналған қосымшаны жүктеп алу тиімді.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Есбол Жәмшитов