Қызылордадағы №9 мектеп оқушылары бұрыш спрейінен уланып қалды
Қызылорда қаласындағы №9 мектепте оқушылар бұрыш спрейінен уланып қалды. Облыстық балалар ауруханасына 27 оқушы жекізіліп, дәрігерлер тексергеннен кейін 22 бала үйіне қайтарылды. Ал 5 оқушы ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы қанағаттанарлық. Полиция департаменті мектепте бұрыш спрейінің қолданылуына байланысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Айта кетейік, жаңа оқу жылы басталғалы қала мектептерінде мұндай жағдай екінші рет қайталанып отыр.
Гүлнұр Өксікбаева, облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
-Енді түскен кезде балалардың жүрек айнуы, бас айналу және ішінің ауырсынуына, тамағының жыбырлауына және ащы дәм келуіне шағымданып, келді. Дезинтоксикациялық терапия жүргізілді, гормональды терапия жүргізілді, ингаляциялық терапиялар жүргізіліп жатыр. Бөлімшеде жатқызылған балалар міндетті түрде дәрігердің бақылауында кем дегенде 7 күн жатып, емделіп шығады.