Латын графикасын оқытатын алғашқы тренерлер арнайы курсты аяқтады
Латын негізді қазақ әліппесімен жазуды үйрету сабақтар өңірлерде де ұйымдастырылады.
Міне, латын графикасын оқытатын бүгінгі күннің алғашқы ағартушылары. Бәрі дерлік жоғары білімді, ғылыми атақтары бар, кейбірі тұтас орталық пен басқарманың жетекшісі. Десе де, бастауыш сынып оқушысындай партаға отырып, жаңа емлелерді үйренуде.
Гүлбаршын Адамбаева, филология ғылымдарының кандидаты:
- Үш күннің ішінде мен жазуға төселдім. Маған бірақ екі таңбамен таңбаланатын «ш» сияқты әріптер қиындық туғызған жоқ. Өзімнің көкейімде жүрген сұрақтарым болды. Оған мен жауапты алдым.
Төлеген Хамитұлы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Мектеп, колледждерге барып сабақ жүргіздік. Яғни, теория мен практиканы қатар алып жатырмыз. Бұдан кейін IT технологиясы бойынша жаңа мобильдік қосымшаларды үйретіп жатыр.
Алғашқы курс 25 наурызда басталған. Екі аптада тыңдаушылар 72 сағат сабақ оқыпты. Қазақ тілінің мамандары үшін осының өзі жеткілікті. Сондай-ақ қосымша ақпарат алудың жолдары да таныстырылды.
Нұржан Сейсембек, ақпараттық технологиялар және сараптама басқармасының редакторы:
- Баспадан «қашан кітап, әдістемелік құрал шығады» деп отырмай, төрт сайт, екі мультфильмнен үйренуге болады. Бірі – дубляж, кішкентай балаларға сай, латын әліпбиін үйретуге арналған мультфильм. Сондай-ақ бес мобильдік қосымша бар. Үшеуі балаларға, екеуі ересектерге арналған.
Екі апталық арнайы оқу курсынан кейін тыңдаушыларға алған білімдерін растайтын сертификаттар табысталды. Енді олар сол құжат негізінде басқа мұғалімдерді латын графикасымен дұрыс жазып, оқуға үйретеді.
Айта кетері, латын негізді жаңа әліппені оқыту енді қарқын ала түседі. Алғашқы топта 28 адам білім алып шықты. Жыл соңына дейін тек елордада 360, ал өңірлерде 2000 тренер дайындалады. Оқу мерзімі 14 күнді қамтиды.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Гүлғайым Ербол, Бекболат Базаров