Хабар телеарнасы

Соңғы 10 жылда елорда тұрғындарының саны 2,5 есеге өсті

Биыл Астанаға - 26 жыл. Соңғы 10 жылда елорда тұрғындарының саны 2,5 есе өсті. Егер урбанизация үдерісінің қазіргі қарқыны сақталса, 2030 жылға қарай елордалықтардың саны екі миллионға жетуі мүмкін. Ал қала бұған қаншалықты дайын? 

Астана сәулеттік келбетімен ғана емес, халық санының өсуімен де ерекшеленіп тұр. Қазір елордалықтар 1,5 миллионға жуықтады. Сондықтан қалада құрылыс әлі де қарқынды.

Талғат Ерғалиев, «Құрылысшылар Одағы» РҚБ төрағасы:
-Былтыр бар, алдыңғы жылы салынған үйлер бар. Қазіргі уақытта мемлекетке тапсырылмаған, эксплуатацияға әлі өткізілмеген. Сондықтан биыл 3-3,5 млндай шаршы метр үй Астанада тапсырылады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Астанада пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 63% артқан. Бірақ қазір үйлерді бұрынғыдай тапсырып қана қоймай, айналасын көгалдандыру міндет.

Тұрсын Жиенбаева, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС урбанистика орталығының бас маманы:
-Құрылысшылар жеке тұрғын үйді эскиздік жобасын өткізген кезде дедраплан тапсыру керек. Осы дедраплан бойынша әр учаскеде 1 га жерде 100-ге жуық ірі ағаш және мыңға жуық гүлді бұталар отырғызу талабы бар.

Аманжол Чиканаев, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» нормативтік және ғылыми әзірлемелер бөлімінің бас маманы:
-Яғни біз әр аулада абаттандыру жұмысы жақсы жүріп жатқанын көре аламыз. Қарапайым тұрғын үй ауласы деп қабылдауымыз мүмкін, алайда бұл – адамның өзін қауіпсіз әрі жайлылықта сезіне алатын негізгі орын. Сондықтан оны заманауи, ыңғайлы әрі әдемі жасауға көп көңіл бөлініп жатыр. Одан кейінгі кезекте қоғамдық орындар.

Бұдан бөлек Астананың негізгі көшелерінде де ағаштар мен гүл өсіруге барынша күш жұмсалуда. Биыл қалада 3 млн-нан аса гүл егілген. Қуантарлығы – қаланың орталықтары ғана емес, шалғайдағы аулалар да құлпыра түсті. Ендігі мақсат – Астананы қысы-жазы жайнату үшін көпжылдық өсімдіктер көлемін 10%-дан 50% дейін көбейту. Әрі абаттандыру жұмысын жалғастыру.

Тұрсын Жиенбаева, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС урбанистика орталығының бас маманы:
-Биылғы жылы 170-ке жуық қоғамдық орын және аула кеңістігін абаттандыру жұмысы жүретін болды. Былтырғы жылы оң жағалауға көп мән берсек, биыл сол жағалауға көп мән беріліп жатыр. Сонымен қатар қалада 1 млн-ға жуық жасыл желек отырғызылады.

Ал мектеп тапшылығы мәселесін шешу үшін биыл елордада 25 жаңа мектеп салу жоспарланған. Ал 2028 жылға қарай 200 мың оқушыға арналған 80 білім ордасы бой көтереді

Авторлары: Дана Әлиева, Самат Сүлейменов