Жол үстіндегі 25 жыл: Өскемен-Алтай автожолында еңбек еткен Сергей Тетерин
Жол үстіндегі жиырма бес жыл. Шығыс Қазақстандық Сергей Тетерин ширек ғасырдан бері Өскемен-Алтай автожолында еңбек етіп келе жатыр. Қыс бойы трассаны Омбы қардан аршып, жолда қалғандарға көмек көрсетсе, жаз бойы ауыр техникаларды жөндеп, асфальттың шұрық-тесігін бітейді. Мақсаты - жолаушыларды жолынан қалдырмай, сапарларының сәтті болуына үлес қосу.
Сергей Тетерин осы жолдың бойында 25 жыл еңбек етіп келеді. Қазір ол үшін қарбалас кезең. Қыр астында қыс тұр. Сондықтан жолға шығатын әр техника сақадай сай тұруы қажет. Жұмысшылар да Сергейге сеніп алған.
Оралбек Әліпов, жүргізуші:
-Техникаға жақын адам. Жақсы істейді. Бәрін жөндей алады. Бәрімізге көмектеседі. Шебер.
Сергей Тетерин ауыр автомашинаның қай-қайсын болсын тізгіндей алады. Экскаватор да , трактор да, жүк көлігі де сөз емес. Өскемен-Қатонқарағай бағытындағы трассаның шұңқырын жаттап алған. Ақ түтек боранда, үскірік аязда жолда қалған талай жолаушыға көмек көрсетіп, талай адамды құтқарды.
Сергей Тетерин, жол жөндеу компаниясының жұмысшысы:
-Ел мен елдің, ауыл мен ауылдың арасын осы жол байланыстырады. Онсыз күніміз қараң. Жұмысты кейде тәуліктеп істеуге тура келеді. Қар басып, көліктер жолда қалып жатқанда, үйде жата алмайсың. Көшкін жүріп, боран соққанда тау арасында жүру тіпті қиындайды.
Алтайдың алты ай қысынан соң, асфальттың ойық-тесігі тайға таңба басқандай көріне қалады. «Сол себепті қар түскенше қайтадан жолды жөндейміз»,– дейді Сергей.
Жол бойында жүретін Сергей Тетериннің еңбегін 40 жыл отасқан жары да жоғары бағалайды.
Валентина Тетерина, жұбайы:
-Ол кісі үйде болмаса, бүкіл шаруаны өзім атқарамын. Әрине, оңай емес. Дегенмен әбден үйреніп алғанбыз. Тоңып, арып-ашып келгенде тамағын беріп, тәтті-дәмдіні алдына тосамын. Ертеңінде қайтадан сол жолға кетеді.
Сергей Тетерин жолға кетпес бұрын отын жарып, көмір тасып, сырттағы тірліктің басын қайырып та үлгереді. Өйткені ұлы жол үй табалдырығынан басталатынын жақсы біледі.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов