Есеп комитеті туристік салаға жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысын шығарды
«Kazakh Tourism» компаниясы «Қазақстан аруы – 2019» байқауына бөлінген 73 млн теңгенің қайда жұмсалатынын айтты. Ұлттық байқау директоры Алена Кырбасованың айтуынша, ақшаның 21 млн теңгесі 30 бейнебаян түсіруге жұмсалмақ. Онда Қазақстанның әр өңіріндегі қасиетті жерлер түсіріліп, байқауға келген туристердің назарына ұсынылмақ. Сонымен Қазақстандағы туризмді сұлулық құтқара ма?
Әлем аруы – 2018. Бұл сұлулық шоуын 200-ден астам елден миллиард көрермен тамашалады деседі. Әлемдік масштабтағы шараның қонағы – Димаш Құдайберген. Сол миллиард көрерменді осы кеште ол Қазақстанға шақырды.
Менің соңымнан ер, Қазақстанға кел! Тағы бір жас талант туристерді Қазақстанға шақырады. Атағы мұхиттың ар жағына жеткен Айсұлтан Сейітовтың бұл ролигі небәрі 10 сағаттың ішінде 100 мың көрсетілім жинады.
Қазақтың қос жігіті Қазақстанның тұмса табиғатын шетте жарнамалап жатқанда Есеп комитеті «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының қызметін тексеріп, 3,5 млрд теңгенің бұзушылықтарын анықтады. Өткен екі жылда елдегі туризмді түлетуге 8,2 млрд теңге бөлінгенмен Есеп комитеті салада ілгерілеу байқамаған.
Талғат Жақан, Есеп комитетінің мүшесі:
- Туризм құнарлы топырақ секілді. Бұл салада тез табыс табуға болады. Статистика комитетінің мәліметінше, біздің елде шықпалы туризмнің көрсеткіші жыл сайын кірмелі туризмнен 1,5 есеге жоғары. Жүргізілген сауалнамада қазақстандықтар баға, транспорт, логистика, қызмет сапасы лайықты болса, өз демалыстарын ел ішінде өткізуді қалайтындықтарын айтқан.
Тексеруші тараптың сұрағын тудырған тағы бір факт бар. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясына қарасты 50 штаттың 24-і жетекшілер мен кеңесшілерге тиесілі болып шықты. Есеп комитетінің ескертуінен соң ғана компания штат құрамын өзгертуге кіріскен.
Даниэль Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК бас менеджері:
- Бізге бекітілген штат – 70 адам. Бірақ оны қысқарту үшін, оптимизация жасау үшін 40-50 адамның шеңберінде ұстап қалған едік. Соған байланысты осындай жағдай туындады. Қазірдің өзінде штат қайта қаралып, департаменттерді біріктіру арқылы дұрыс бір жағдайға келтіру жұмысы жүріп жатыр.
Жүргізілген аудит біраз жайтты аңғартты. Соның бірі туристік инвестициялық форум ұйымдастырып, бес меморандум бекітуге бөлінген 73 млн теңге «Қазақстан аруы – 2019» байқауының іріктеуіне жұмсалған. Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ерлан Қожағапанов сұлулық Қазақстандық туризмді құтқарады деген тоқтамға келіп отыр.
Ерлан Қожағапанов, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:
- Біз туристік бизнесті зерттей келе бұл байқаудың осы салаға тікелей қатысы бар екенін анықтадық. Осылайша бүгінде қытайлық және үндістандық туристер осы байқауды асыға күтетіне көз жеткіздік. Себебі олардың көбісі осы арулар сайысын ғаламтор және теледидар арқылы тамашалайды екен. Келіп көргісі келетіндері де көп. Жақында өткен «Нұр-Сұлтан аруы» байқауын көруге Қытай мен Үндістаннан 400 адам келген.
Сонымен 73 млн теңге қайда жұмсалады? Конкурстың директоры Алена Кырбасованың айтуынша, 21 миллионына Қазақстанның қасиетті жерлері туралы 30 бейнеролик түсірілмек.
Алена Кырбасова, «Қазақстан аруы» ұлттық байқауының директоры:
- Біз Қазақстанның қасиетті жерлері мен таңғажайып ландшафтарын түгел қамтуға тырыстық. 30 бейнеролик, оған байқау қатысушыларына арналған ұлттық киімдерді қосыңыз. Қолдан тігілген, сапалы киімнің орташа бағасы 1,5-2 млн төңірегінде.
Белла Сәт-Мырза, дизайнер:
- Бір млн-ға жеткен көйлек болмған емес. Ең жоғарғы баға менің ойымша, 800 мың теңге болды. Бірақ бұл көйлектердің бір ерекшелігі оған нағыз әшекей тастар қолданылды.
2 млн теңгенің көйлегі қандай болады? Отандық дизайнер Белла Сәт-Мырзаның қиялы да осы сұраққа келгенде сәл кідіріп қалды.
Белла Сәт-Мырза, дизайнер:
- Шыны керек, 2 млн деген сома мен үшін таңғажайып. «Қазақстан аруы» байқауының көйлектеріне назар аударсақ, осынша ақша кетеді деп айта қоймаймын. Мен біреудің қалтасындағы ақшаны санағым да келмейді. Бірақ менің жеке пікірім бойынша егер атына заты сай болса, құптаймын.
Өткен жылы біздің елге 8,5 млн турист келді деген дерек бар. Бірақ оның қаншасы таза, қаншасы шала турист екенін дөп басып ешкім айта алмайды. Ал елде әне-міне туристік саланы дамытудың тағы бір бағдарламасы қабылданбақ.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Абдолла Исаев, Бекболат Базаров