Хабар телеарнасы

Ел туризмі дамып келеді

Ең көп сұранысқа ие туристік бағыт бойынша 119 елдің ішінен 52-ші орынға жеттік. Бұл – Дүниежүзілік экономикалық форум ұсынған мәлімет. Елімізге келушілерді әсіресе, экотуризм қызықтырады. «Мақсат – кемі 50 елдің қатарына қосылу», - дейді сала мамандары.

2023 жылы елімізге 9,2 млн шетелдік саяхаттап келген екен. Бұл - алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал ел ішінде саяхаттаған азаматтар саны - 10 млн-ға жуық. Осылайша бюджетке салық түрінде 450 млрд теңге пайда түскен.

Жуырда ғана ашылған Алматы әуежайындағы терминалдың өзі сырттан келетін туристер санын көбейтпек. Сондай-ақ осы жазда Алматы мен Астанадан Алакөл мен Балқашқа ұшатын коммерциялық рейстердің саны артып, Үржар - Алматы - Үржар бағытында 22 субсидияланған әуе рейсі ашылмақ.

Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК»АҚ басқарма төрағасының орынбасары
- Субсидияланатын рейстер ол ең алдымен біздің авиациялық әкімшілік оған екі есе бағасын түсіріп береді. Мысалы, бұл бағыттарға қарасаңыздар, мысалы, Үшаралға былайынан билет 40 мың теңге болатын болса, коммерциялық рейске, субсидияланатын рейс 20 мың теңге болады. Ол жалпы біздің халық үшін алдын ала субсидияланған түрде  бағасы түсірілген түрде ұсынылатын бағыттардың бірі болып табылады.