Мұнайлы ауданында мектеп жетіспеуі мәселесі өткір болып тұр
Ақтау қаласы мен Түпқараған, Қарақия және Мұнайлы аудандарында 6 мектептің оқушылары үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Ал 5 мыңға жуық бала өзге ауылдарға қатынап оқиды. «Халық саны күн емес, сағат сайын өсіп жатқан аймақта жылына кем дегенде 15 мектеп салу керек», – дейді мамандар.
Басқұдық ауылындағы №9 орта мектеп 960 орынға арналған. 1 800 оқушы оқуы тиіс мектепте қазір 3 227 бала білім алуда. 1 500 оқушы артық болғандықтан, үш ауысымда оқытуға мәжбүр.
Гүлмира Әбішева, тілші:
- Бұл мектепте 1-сыныптың өзінде 480 бала білім алуда. Алфавиттің 20 әрпіне дейін сыныптар бар. Мысалы мынау 1 «С» сыныбы. Мұнда 20 бала оқып жатыр. Басшылар балаларды сыйдыру үшін киім ілетін жерді қоршап, парталар қойып, оқу кабинеті етіп жасақтапты.
Білім ордасындағы баланың көптігінен оқушыларға арналған қосымша сабақтар сенбі күні өткізіледі. Яғни оқушылар мектепке аптасына 5 емес, 6 күн барады. Сондай-ақ мектеп басшылары тығырықтан шығу үшін үш қабатты ғимараттағы бос жерлердің барлығын, тіпті дәлізді де оқу сыныптарына айналдырған.
Гүлжан Асамадинова, №9 жалпы білім беретін мектептің директоры:
- Дәліздерді жарық ету мақсатында заманауи стендтер жасақтадық. Яғни мына жерде 14 бірлестік болатын болса, оларды жарықтандырып тұратын осындай стендтер бар.
34 мың адам тұратын Басқұдық ауылында екі-ақ мектеп бар. Оған сыймай қалған оқушылар 5 шақырым жердегі аудан орталығына қатынап оқиды. Ауданда Басқұдықтан өзге Атамекен, Батыр ауылдарының балалары да көрші ауылдардағы мектептерге барады. Тасымал жұмыстарына 82 арнайы автобус бөлінген. Жергілікті қазынадан жылына 320 млн теңге жұмсалады.
Нұрасыл, 4-сынып оқушысы:
- Шалғай ауылдағы №5 мектепте оқимыз. Мектеп бар, бірақ онда балалар көп барады, сондықтан да біз симай қалдық.
Маңғыстау облысы бала туу көрсеткішінен елімізде бірінші орында тұрса, Мұнайлы ауданы аймақтағы табиғи өсімнен көш басында. Мұнда жылына 9 мың бала туылып, 4,5 мың оқушы 1-сыныпқа қабылдануда. «Халық санының артуына орай мектепке деген қажеттілік ай сайын өсіп жатыр», – дейді аудан басшысы.
Рахат Елтизаров, Мұнайлы ауданының әкімі:
- №7, №9 мектептің жанынан 300 орындық ғимарат салынады. Келесі жылы аяқтаймыз. Атамекен ауылында 40 мың, ал Басқұдық ауылында халықтың саны 31 мың. Бізге Атамекенге кем дегенде 600 орындық тағы екі мектеп керек.
Аудан басшылары үшауысымды оқу мәселесін шешуге жеке инвесторларды тартуға кірісті. Қазір екі кәсіпкермен екі мектептің құрылысын бастауға келісім жасалуда. Десек те мектеп тапшылығын түбегейлі жою үшін жылына кем дегенде 6 мектеп салу керек. «Бұл – республика деңгейінде шешілетін мәселе», – дейді аудан әкімі.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев