Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға баспана беріледі
Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Жыл сайын қазына қаржысына жалға және жеңілдетілген несиемен берілетін 12 мың үй салынады. Сондай-ақ меценаттар мен демеушілердің қаражаты есебінен аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға ауқымды қолдау көрсетілуде. Тек 2019 жылдың I тоқсанында 268 отбасы тұрғын үймен қамтылып, 3 млрд теңгенің әлеуметтік көмегі ұсынылды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Елбасының әлеуметтік қамту бастамасы көптеген кәсіпкер тарапынан қолдау тапты. Ірі бизнесмендер мұқтаж адамдарды қолдап, қол ұшын беріп, әлеуметтік бастамаларды іске асыруы аса маңызды. Бизнес идеяларды дамыту, өзінің жеке ісін ашу тәжірибесін көпшілікке берген жөн. Көптеген кәсіпкер табысы аз азаматтарды өз кәсіпорындарына жұмысқа алып, бизнес негіздеріне үйрете бастады. Әлеуметтік мәселелер бойынша кәсіпкерлердің идеялары мен ұсыныстары бар.
«Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін жеке куәлік жеткілікті», – дейді еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев. Оның айтуынша, Жұмыспен қамту орталықтары мен әкімдіктерге азаматтардан артық құжат талап етпеу тапсырылған. Аталған көмекті алуға құжат тапсыру сәуір айында басталған еді. Бір аптада 42 мың адам өтініш берген. Айта кетері елордаға өзге өңірден келіп, тіркеуге тұрмаған отбасылар да Оңалту орталықтарының көмегіне жүгіне алады.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Егер олар Нұр-Сұлтан қаласында тұрақты тұратын болса, онда біздің Жұмыспен қамту орталықтары арқылы Нұр-Сұлтан қаласында Оңалту орталықтары бар. Сол жерге барып тіркелу керек. Одан кейін олардың тиісті құжаттарын Жұмыспен қамту орталықтары қабылдайды. Табыстарына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындайды.