Хабар телеарнасы

Жетісу облысында 260 отбасы баспанасын жекешелендіре алмай жүр

Жетісу облысындағы Достық станциясының халқы өз үйінде өгейдің күнін кешіп келеді. 260 үйдің тұрғындары баспанасын жекешелендіре алмай жүр. Ал меншік құқығын рәсімдеп алғандардың баспанасы арестте тұр. Аталған мүлік иесі - «Қазақстан темір жолы» компаниясы.

Жұлдыз Нұрсейітова - бапанасын жекешелендіре алмай жүргендердің бірі. 30 жылдан бері Достық станциясында тұратын ол компанияның қазіргі  талабымен келіспейді.

Жұлдыз Нұрсейітова, Достық ауылының тұрғыны:

- 2017 жылы жасалған келісімшарт бар. Бұл жерде бір МРП-мен төленсін деген келісімшарт бар. Бәрі заңды. 2019 жылдан бастап МРП ай сайын бір бөлме 1 МРП, екі бөлме 2 МРП төлейсіңдер деп қаулы шығарған. Сондықтан мұны заңсыз деп есептейміз.

«Достықта баспанасын өз атына аудармаған 265 отбасы бар», - дейді тұрғындар. Олар 2021 жылы болған жекешелендіруге тиісті құжаттарын жинап үлгермеген. Сол кездегі мүмкіндікті 81 адам пайдаланып, үйін жекеменшікке өткізіп алды. Бірақ биыл оларға да қалдық соммасын қайта есептеп, қомақты қаражат төлеу керек деген қағаз келген.  

Гүлзира Әлишова, Достық ауылының тұрғыны:

- Бізге теңгерім құны нөл деп берген. Енді теңгерім құны 17 млн деп келіп тұр. Мен бұл үйде 29 жыл болды тұрғаныма.

Света Серікбаева, Достық ауылының  тұрғыны:

- Биыл сотта иск қойып, үйді қайтадан арестке қойып, рыночный бағамен төлейсіңдер деп отыр. Ол бағаларды қайдан шығарып отыр? Неге мемлекеттік орган арқылы өткен үйді артқа қайту керек?

Мәселенің мән-жайын түсіндіріп беру үшін «Қазақстан темір жолы» компаниясына ресми хат жолдадық. Бірақ сала мамандары сұхбат беруден бас тартып, жазбаша жауап жіберді. Онда «81 пәтердің тұрғынымен кездесу өткізіліп, 79-ымен 10 жылға дейінгі төлемдерді төлей отырып, корпоративтік үйді жеңілдікпен жекешелендіруге келісім жасалды»,- делінген.

Өмірбек Байғалиев, Достық ауылының тұрғыны:

- Достық тұрғындарының үйі жекеменшікке өту керек. Талабымыз сол. Әйтпесе жартысы өтті, жартысы өткен жоқ.

Достықтағы үйлердің дені өткен ғасырда салынғандықтан, әбден ескірген. Кейбіріндегі қолқаны қабатын иістен жертөлесіне кіру мүмкін емес. Соған қарамастан, тұрғындар оны жамап-жасқап паналап келеді. Саналы ғұмырын осы салаға арнаған теміржолшылар: «Жалғыз баспанамыздан айрылсақ, басқа барар жеріміз жоқ» - деп ашынып отыр.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев