Президент сайлауын маусымда өткізу шешімі қоғам ішінде қызу талқыланып жатыр
Бұндай белсенділікті мамандар азаматтық қоғамның қалыптасуымен байланыстырады. Әркім өз саласында үлкен өзгерістердің боларынан үмітті. Енді бірі қолға алынған істердің іркілмей, соңына дейін жеткенін қалайды.
Азамат Алдоңғаров, тілші:
- «Халықтың көңіл күйін жақсы білемін», – деген Президенттің сөзін бүгін халықтың өзі растап отыр.
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Сайлау секілді мемлекеттік маңызды істі келесі жылға созбай, әлемдегі ахуалдың одан әрі күрделенуін күтпей, алдын-ала қимылдауға бағытталуда.
«Әлемдік саясатта шешім қабылдау керектігін түсінген уақытта кеш қалғаның» деген жазылмаған қағида бар. Сұқ көздер аумағы бойынша әлемдегі тоғызыншы мемлекеттің ішкі жағдайын үнемі бақылап отыратыны белгілі. Сондықтан мамандар: «Сайлауды уақыт ұттырмай өткізу маңызды», – дейді.
Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Саясаттың екі серті бар дейді. Бірі – асықпау, екіншісі – кешікпеу. Дер кезінде жасап отырған қадам деп ойлаймын. Сайлау қоғамды қайта құру емес, меніңше қоғамды әрі қарай жетілдіру.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев серпін берген, тоқтаусыз іске асып жатқан, іске асырылуы тиіс жұмыстар бар. Ол ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламалар болсын, қысқа уақытта шешілуі тиіс ішкі әлеуметтік мәселелер болсын, мәресіне жетуі тиіс.
Арман Жүдебаев, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның ректоры:
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасының кейінгі жалғасы ретінде «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Енді осы бастамалардың бәрі әрі қарай жалғасады. Елбасымыздың бастамасын болашақ Президентіміз жалғастырады деген сенімдемін.
Әркім алдағы үлкен саяси аламанды жалпы емес, жалқының мүддесінен қарастырады. «Сайлау маған не береді?» деген мүддеден және осы мүддемен маусымда әркім өзі шешім қабылдауы тиіс дейді. Халықтың ойын астарласа да, бүкпей айтатын ақын Несіпбек Айтұлы келесі сайланған Президент басталған істерді жалғағанын қалайды.
Несіпбек Айтұлы, ақын, мемлекеттік сыйлық лауреаты:
- Зиялы қауым әсіресе, руханият арасына жүк түскендей. Томаға тұйық бұғып алатын әкімдер пайда болды. Осындай бюрократизмді, жемқорлықты тоқтататын Президент келсе және осы бағытта жұмыс істесе деп халық шулап жатыр.
Үлкен саясаттан терең білімі болмаса да, еңбек адамдары осы электоралды науқанға отандастарымызды белсенді түрде қатысуға үндейді.
Аягүл Миразова, Еңбек ері:
- Халқымыз бірлігімізді, тірлігімізді көрсетіп, тікелей біздің міндетіміз екенін ұғынып, оларды сайлауға бір кісідей қатысып, өз таңдауымызды жасауға шақырамын.
Бірлік, тірлік – қазақ ұғымында маңызды, тарихи уақытта ұран болып айтылатын сөздер. Көптің пікіріне құлақ түрсек, осы саяси науқан тәуелсіз Қазақстан тарихиындағы жауапты кезең болғалы тұр.