Алаша хан кесенесін көруге тарихшылар сапарға шықты
Тарихи туындылардың қай-қайсысын алсаңыз да исламдық әрі далалық өркениетке негізделіп салынған. Қанша ғасыр өтсе де, негізгі қалыбын жоғалтпаған. Сондай ескерткіштеріміздің бірі – Алаша хан кесенесі. Қазақ үшін қастерлі саналатын туындының тарихи тамыры тереңде жатыр. Ол туралы аңыз да, ақиқат та көп.
Қазақ даласы тұнып тұрған тарих. Көне көшпенділер дәуірінен сыр шертетін жәдігерлер өте көп. Солардың бірі – Алаша хан кесенесі. Мазарды көруге сапарға шықтық. Жол алыс. Қашықтықты қысқарту үшін тарихшы әңгімесіне құлақ түрдік.
Қабдол Әуезов, тарихшы:
- Алаша хан кесенесі орта ғасырдағы орталық қазақстандағы ең ірі сәулеттік ескерткіш. Бұл ескерткіш шамамен ХIV-XV ғасырларға жатады. Бұл ескерткіштің салынуының ең негізгі тарихы қазақтың үш жүзінің басын біріктіру болып табылады.
Ұзақ уақыт ұйып тыңдадық. Тіпті діттеген жерімізге жеткенімізді байқамай да қалыппыз. Жапан дала. Жалғыз ескерткіш. Бұл жердің әр тасы – тарих. Хош. Бөгелместен ішке кірдік.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Ұлытауда орналасқан Алаша хан кесенесінің салынғанына 6-7 ғасырдан асыпты. Қанша уақыт өтсе де өзінің негізгі қалыбын жоғалтпаған. Күмбезді кесененің алып жатқан аумағы 10-12 шаршы метр болса, биіктігі 10 метрді құрайды. Соның 2-2,5 метрі күмбезге тиесілі. Кесененің екі қабаты бар. Тіпті оған арнайы қабырғамен бойлай жүретін баспалдағы бар.
Қабдол Әуезов, тарихшы:
- Архитектуралық кешеннің кереметтігі әрі таңғаларлығы кешеннің жалпы діни-ғұрыптық маңызы, мәнінің барлығында. Мына бұрыштардағы архитектуралық ескерткіштердің өзіндік дизайны, өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл жерде отыруға демалуға мүмкіндік беріледі. Яғни бұл жерде діни-ғұрыптық ғимарат болғандықтан, намаз оқығанда, құлшылық еткен кезде отыруға мүмкіндік берілетіндей қылып жасалынған.
Мұндай құлшылық орындары төртеу. Жанындағы шағын терезеден күн сәулесі түсіп тұрады. Одан үшінші қабатқа көтерілдік. Жалпы жоғарғы қабаттарында бүгіп жатқан сыр көп. Қалай жасалды? Қыш құрамы қандай? Күмбезі қандай мағына береді? Бұл сауалдар сананы билейді.
Қабдол Әуезов, тарихшы:
- Бұл – далалық архитектуралық өнер. Мынау күмбезді архитектуралық өнер болып саналған. Яғни бұл шаңырақты көрсетеді.
Діни-ғұрыптық ғимараттың архитектуралық дизайны таңдай қақтырды. Тіпті қаланған кірпіштердің құрамын әлі күнге дейін анықтау қиын. Сан ғасыр бойы сапасын жоғалтпаған нысанның басты ерекшелігі де осында.
Авторы: Бірлік Берікұлы