Алматыда Ермек Серкебаевтың ескерткіші ашылды
Алматыда көрнекті опера әншісі, актёр, педагог Ермек Серкебаевтың ескерткіші ашылды.
Қоладан сомдалған мүсін – өнерсүйер қауымның дарынды әншіге деген ыстық ықыласының белгісі. Іс-шараға аңыз әншінің жақындары мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Ескерткіш Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ғимаратының алдына қойылды. Министр Аида Балаева ескерткіштің ашылуы қазақ елінің ұлы перзентіне деген құрметі екенін айтып, бай рухани мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталатынына сенім білдірді.
Ермек Серкебаев дарынды музыканттар әулетінің негізін қалады. Тыңдарман қазақ операсының жауһарларын Серкебаевтың даусымен танып, жүрегіне ұялатты. Оның ғибратты ғұмыры – ұлттық мәдениет тарихының тұтас бір тарауы іспеттес.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек ері:
- Күннің өзі де жарқырап, мінеки, ұлы адамның ескерткішіне қол соғып жатқандай. Ерекеңнің халыққа еткен еңбегі жалғыз қазаққа ғана емес, бүкіл одаққа еткен еңбегін бағалап, қала басшылары, айналайын, рақмет сендерге. Осындай еңбектерің жана берсін. Ұлыларды ұлықтау – бәріміздің міндетіміз.