Сайлау науқанына жұмсалатын қаржы көлемі белгілі болды
Орталық сайлау комиссиясы кандидаттың қол жинауы мен олардың растығын тексеру туралы ережелерге өзгерістер енгізді. Оған сәйкес, комиссияның барлық тексерісінен өтіп, үміткер ретінде тіркелген азаматқа сайлаушылардан қол жинау парағын алуға бес күн емес, екі күн беріледі.
Ал қолдардың растығы енді он күн емес, бес күнде тексерілмек. Президенттіктен үмітті адам сайлау құқы бар азаматтардың 1% қолдайтыны туралы қол жинауы керек. Егер 2019 жылдың 1 қаңтарында елімізде 11 814 019 сайлаушы болса, кандидатты кемі 118 140 адам қолдауы тиіс. Мамандар алдағы Президенттік сайлаудың шығындары да едәуір қысқарғанын мәлімдеді. Орталық сайлау комиссиясы сайлауға 12 млрд теңге сұраса, Қаржы министрлігі бюджетті 9 млрд 404 млн 771 мың теңгеге дейін ықшамдапты.
Сәбила Мұстафина, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:
- Орталық сайлау комиссиясы бюджеттің жобасын жасаған кезде оны артығымен есептейді. 12 млрд-тың 77% жер-жердегі сайлау комиссиясы қызметкерлерінің жалақысы, қалған 23% сайлау өткізуге қажетті заттардың шығыны болды. Қаржы министрлігі ел бойынша бағаларды салыстырып отырып, шығындарды 9,4 млрд теңгеге дейін қысқартты. Әріптестеріміздің түзетулерімен толық келісеміз. Бұл – қалыпты жағдай.