Пара алды деген күдікті полицейлер тергеушілерге оқ атты
Бұл ақпаратты агенттік мамандары растады. «700 мың теңге пара алды» деген күдікке іліккен тәртіп сақшылары қолға түспес үшін қарулы қарсылық көрсеткен. Тергеу басталып, қашқын сақшылар іздестіріліп жатыр.
Азамат Алдоңғаров, тілші:
- Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2019 жылдың алғашқы тоқсанында тіркелген қылмыстық істер бойынша мәлімет берді. Оның ішінде аса үлкен көлемде қазына ақшасын жымқырған атышулы істер болмаса да, жемқорлардың жанкештілігі мен қулығы таңғалдырады.
Пара алды деген күдікке іліккендердің арасында әскерилер, полицейлер, дәрігерлер мен ауыл әкімдері бар. Солардың бірі – елорданың аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы. Ол тамақтану орындарын тексеру кезінде кемшіліктерге көз жұмғаны үшін жүйелі түрде кәсіпкерлерден жылу жинап отырған.
Арман Бердалин, МҚІСЖҚА Жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры:
- Ол «қоғамдық тамақтану объектілерінен жоспарлы тексерулер бойынша оң шешім, сондай-ақ жалпы қамқорлығы және салғырттығы үшін кіші және орта бизнес субъектілерінен жалпы сомасы 75 мың теңге жүйелі түрде пара алды» деп күдікті ретінде танылуда.
Қолға түскен күдіктілердің барлығы дерлік кінәларын бірден мойындайды. Ақшаның көлемі де көп емес. Ең азы 75 мың, ең көбі 2 млн теңге болды. Бірақ барлығы бірдей беріле қоймайды. Мысалы, Алматы облысында әкімшілік полиция мен жергілікті полицияның майор шеніндегі басшылары «браконьерлерге тәркіленген 2,5 мыңға жуық ондатра терісін қайтарып береміз» деп, 700 мың теңге пара алған. Қасына екі жас сержантты ерткен сақшылар қылмысын «билік өкіліне оқ атты» деген баппен ушықтырып отыр.
Арман Бердалин, МҚІСЖҚА Жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры:
- Патрульдік полиция қызметкерлерінің бірі сыбайлас жемқорллыққа қарсы қызметтің жедел тергеу тобына үш оқ атты, нәтижесінде үш қызметкер қылмыс орнынан бой тасалады. Аталған факті бойынша Панфилов ауданы полициясы бөлімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы, 3-бөлігі, 5-тармағы бойынша сотқа дейінгі өндіріс тіркелді.
Агенттік мәліметтері елімізде жемқорлық дерті қоғамның барлық саласына араласқанын көрсетті. Шен бұйырған басшыларды айтпағанда, ұлағатты ұстаздың өзі бүгін жеңіл нәпақадан бас тартпайтын болып кеткен. Пәнді меңгергісі келмейтін студенттер есесіне пән мұғалімімен тіл табысуды жақсы меңгерген. Сауалнамаға қатысқан Еуразия ұлттық университеті студенттерінің 59% жан қинамау үшін пара бергенін мойындаған. Аграрлық университетте көрсеткіш 16% құрайды. Тұран университетінің сауалнамаға жауап берген қатысушыларының 32% оқып жатқан пәндері түкке қажетсіз деп, орайын тауып, орамал беріп, емтихан жапқан. Бас қаланың үш университетінің ұстаздары тәлімгерлерін пара беруге мәжбүрлеп келген.
Жазира Жылқышиева, МҚІСЖҚА Аумақтық департаментінің басшысы:
- Пара алудың негізгі себептері ретінде ұстаздардың өздері төмен жалақы мен сананың төмендігін атайды. Ал студенттердің басым бөлігі «жемқорлыққа қос тарап та кінәлі» деп санайды. «Оқу мекемелерінде қалыптасқан жүйенің өзі жемқорлыққа итермелейді» деген де жауап бар.
Азамат Алдоңғаров, тілші:
- Алайда бұл сауалнама болғандықтан жауапқа ешкім тартылған жоқ. Тамырдан тарап отырған жемқорлық дерті осылайша студентті маман болуға емес, машықтануға тәрбиелейді. Осыдан кейін «Жемқорлар қайдан шығады?» деп таңдану қисынсыз. Үш айдың нәтижесі 29 қылмыстық іс, төрт адам сотталды, сотқа жеткен үш іс бойынша тағы 14 адамның тағдыры шешіледі.
Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Аян Сәрсенбаев