Азаматтық қоғам белсенділері сайлаудың маңызын талқылады
Өңірлердегі филиалдары партияның ХV съезіне қатысатын делегаттар тізімін жасап жатыр. Мысалы, Ақтөбе облыстық партия ұйымы конференция өткізіп, 6 делегатты анықтады. Конференцияда партия жарғысында көрсетілген міндеттердің орындалуы сөз болды. Бұған дейін атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Өңірде партияның араласуымен біраз әлеуметтік мәселенің шешімін тапқаны айтылды. Сонымен бірге жемқорлықпен күрес мәселесін басты назарда ұстайды. Еліміз бойынша партияның 250 мың мүшесі бар.
Қостанайда «Президент сайлауы 2019: мәні мен маңызы» атты дөңгелек үстел өтті. Азаматтық қоғам белсенділері бас қосқан жиында алдағы саяси науқан жайы талқыланды. Оның ел дамуы үшін маңыздылығы дәйектелді. Ұзақ мерзімге жоспарланған стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асырып, халықтың әл-ауқатын арттыра түсу үшін басқару тетіктері бекем болғаны жөн. Осы тұста жиынға қатысушылар: «Қоғамның ұйымшылыдығы мен белсенділігі сынға түседі», – дейді.
Шымкентте жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс жасайтын жұмыскерлерге кезектен тыс өтетін Президент сайлауын түсіндіруге бағытталған диалогтық алаңша ұйымдастырылады. Басқосуда қалалық мәслихат депутаттары саяси науқанның ел болашағы үшін маңызын түсіндірді. Халық қалаулылары жұмысшыларды сайлауда белсенділік танытуға шақырды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақсатында құрылған арнайы экономикалық аймағында бүгінгі таңда 13 кәсіпорын жұмыс істейді. Зауыт-фабрикаларда 1400-ге тарта адам еңбек етеді. Былтырғы жылы олар 42 млрд теңгенің өнімін шығарған.
Алдағы өтетін Президент сайлауына көкшетаулық шығармашылық және ғылыми интелегенция өкілдері де өз пікірлерін білдірді. Айтуларынша, Президент елдің ішкі және сыртқы даму бағытын айқындайды. Қазақстанның атын әлемде қорғап, іргелі істердің бастамашысы болады. «Қазақ елі дәл қазір жаңа Президентін сайлап алғаны абзал. Ал сайлауға ешкім немқұрайлы қарамауы қажет», – дейді көкшетаулық мәдениет өкілдері.
Жастардың сана-сезімін жетілдіріп, келешекке деген ынта-ықыласын арттыру үшін құқықтық негізді дамыту керек. Бұл ретте өткен ғасырдың басында құрылған «Алаш» бағдарламасы тиімді әдіс құралы болуы мүмкін. Еуразия ұлттық университетінде өткен конференцияда осындай пікір айтылды. «Президент институты – тұрақты даму кепілі» атты ғылыми-тәжірибелік кеңесте оқытушы-профессорлар тарапынан қоғам дамуы мен тұрақтылығына қатысты бірнеше тұжырым жасалды. Ғалымдардың айтуынша, тәуелсіздік жылдары президенттік институт өзінің тиімділігін дәлелдеген. «Дегенмен алдағы уақытта оған қандай да бір өзгеріс енгізілетін болса, жаңашыл идеяны батыстан емес, Алаш зиялыларының еңбектерінен іздеу керек», – дейді конференцияға қатысушылар.